Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Ресей Федерациясынан әкелінетін автокөліктерге салынатын утиль алымын (утильсбор) көтеруді жоспарлап отыр. Ведомствоның түсіндіруінше, бұл қадам Қазақстан мен Ресей арасындағы алым мөлшерлемелерінің айырмашылығын жоюға және ЕАЭС аясындағы баға теңгерімсіздігін реттеуге бағытталған.
Бұл туралы 7-su.kz ақпарттық порталы Qaz365.kz сайтының дерегіне сүйеніп хабарлайды.
Жаңа жоспар бойынша, Қазақстандағы алым мөлшерлемесі Ресейдегі деңгейге жақындатылмақ. Осы өзгерістен кейін көрші елден келетін көліктердің бағасы алым мөлшерінің өсуіне сәйкес біршама қымбаттауы мүмкін. Дегенмен, министрлік нарықта жаппай баға өсімі болмайтынын болжап отыр, себебі ресейлік көліктердің ішкі нарықтағы үлесі өте төмен.
Ресми деректерге сүйенсек, 2024 жылы Қазақстанда Ресейден әкелінген бар болғаны 883 көлік сатылған, бұл – жалпы нарықтың 0,43%-ы ғана. 2025 жылы бұл көрсеткіш 3088 данаға (1,31%) жеткен. Көрші елден негізінен Lada-ның Granta, Vesta және Niva сияқты бюджеттік үлгілері, сондай-ақ ГАЗ және КамАЗ коммерциялық техникалары тасымалданады.





