Талдықорғандағы озық білім шаңырақтарының бірі Шоқан Уәлиханов атындағы №10 орта мектеп-гимназиясында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан батыры Айбат Амановатың құрметіне арналған «Ерлік сыныбы» ашылды.
III дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, жас сарбаз Айбат Ерболұлы қаңтардағы қақтығыста жауынгерлік міндетін атқару барысында қаза тапқан болатын. Сыныпқа жас жауынгердің жеке заттары мен спортта жеткен жетістіктері, мақтау қағаздары қойылған.
Тағылымы мол шарда сөз алған Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл азматтық борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан жас сарбаздың қайтпас қайсарлығы жастар үшін үлкен өнеге екенін еске салып, есімі ел жадынан еш өшпейтін батыр ұлға тәрбие берген оның анасы Гүлназ Әлкенқызына айрықша алғыс білдірді.
– Отан отбасынан басталады. Айбат Ерболұлы жауынгерлік борышын өтеу жолында мерт болды. Оның бойындағы елжандылық, ар-ождан, адамгершілік отбасынан, мектептен бастау алады. Бүгінгі Айбаттың құрметіне ашылған арнайы сынып әрбір жасөспірімге үлгі-өнеге сыйлайтыны анық. Мектеп қабырғасында білім алушылар, сіздерге айтарым, елдің ертеңгі тізгіні сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан оқуды жақсы оқып, ерлікті ұлықтау сіздердің борыштарыңыз,– деді шаһар басшысы.
Шара барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Ниязтай Елкешев, Жетісу облысының полиция департаментінің басшысы мектеп оқушыларын арнайы Алғыс хаттармен марапаттап, әскери қызметкерлерге, мектеп ұстаздарына, қоғам белсенділеріне мерекелік төсбелгі табыс етті.
Айдын КӘЛІМХАН





