Арнайы жұмыс сапарымен Қаратал ауданына барған облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындармен кездесті. Жұмыс сапары барысында спорт нысанын аралап, қайта жаңғырып жатқан орталық саябақтың жұмысын көрді.
Былтыр Үштөбе қаласында ашылған жаңа бокс залына барған облыс әкімі жас боксшылардың жаттығуына куә болып, балалармен тілдесті.
– Осы бокс залымен қатар биыл бір жылдың ішінде сіздерге дзюдо залын, сол сияқты көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салып береміз. Үштөбенің бокс мектебі елге танымал. Соның ішінде Атланта олимпиадасының қатысушысы Михаил Юрченконың жетістіктері әрқашан сіздерге үлгі. Спортпен айналысқан адам тәртіпті, жинақы, жат әдеттерден қашық болады. Сондықтан жақсылап жаттығып, мықты спортшы болыңдар, – деген Бейбіт Өксікбайұлы балаларға спорт киімдерін табыстады.
Аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ермек Торғаевтың айтуынша, 1200-ден астам оқушы спорттың 14 түрімен айналысса, соның 87-сі осы бокс залында жаттығады.
– Өңірден шыққан түлектер елімізді үлкен жетістіктерімен қуантып келеді. Атап айтсам, біздің ауданнан бокстан Қазақстан ерлер құрамасының өкілі, әлем чемпионатының қола жүлдегері Ертуған Зейнуллинов, жастар арасында Азия біріншілігінің қола жүлдегері Мария Сидоренко шыққанын мақтанышпен айтамыз. Бүгінгі спорт мектебінің тәрбиеленушілеріне сол аға-әпкелерінің жолын лайықты жалғауға барлық мүмкіндік жасалған, – дейді Ермек Нұраханұлы.
Жаңа бокс залының жұмысына қатысты ата-аналар да дән риза. Мұнда өз немересін жаттығу үйірмесіне тұрақты әкелетін Тілеулес Қанатбаев:
– Немерем боксқа өз қалауымен келді. Жаңа залда балаларға тегін әрі сапалы жаттығуға барлық жағдай жасалған. Мұндағы бапкердің бәрі – білікті маман. Кезінде өзім де бокспен айналыстым, Айдарбек Жапсарбаевтың шәкіртімін. Жолымды немеремнің жалғағанына қуаныштымын. Осы залдан елге танымал чемпиондар көптеп шығатынына сенеміз, – дейді.
Жалпы ауданы 800 шаршы метрді құрайтын бір қабатты ғимаратта күрес және бокс залдары орналасқан. Тәулігіне 100 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар залдар заман талабына сай құрылғылармен жабдықталған. Былғары қолғап шеберлеріне арналған бокс залы кәсіби ринг, күрес залы су жаңа татами және қажетті жаттығу құралдарымен толыққан. Сонымен қатар, нысанда киім ауыстыратын бөлмелер, душ кабиналары және жаттықтырушыларға арналған бөлмелер салынған. Атап өтерлігі, мұнда жаттығу залы бар. Аудан тұрғындарының кешкілік уақытта оны тегін пайдалануына мүмкіндік жасалған.
Айта кетейік, соңғы үш жыл ішінде аймақта қайта салуды немесе жөндеуді қажет ететін спорт нысандарын жаңартудың деңгейі орта есеппен 79,6%-ға жетті, яғни 39 спорт нысаны жаңарды. Облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатындар саны 297 246 адам, бұл жалпы халық санының 43,5%-ын құрап отыр.
Осыдан кейін облыс әкімі абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан Үштөбе қаласындағы орталық саябақтың жұмысын көрді.
1936 жылы салынған саябаққа абаттандыру жұмыстарын мердігер компания «Кедергісіз биік» ЖШС жүргізуде. Бүгінде мұнда көшет отырғызу және көшіру, ескі ағаштарды кесіп, орман жүйесін қалыптастыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, саябаққа демеушілер есебінен 100 қарағай, 100 қайың, мердігер тарапынан 700 қарағай, 500 қайың отырғызылған. Алдағы уақытта шағын архитектуралық пішіндерді орнату, гүлзарларды орналастыру, гүл отырғызу, көгалдандыру жұмыстары, саябақ инфрақұрылымын дамыту және жайластыру, тротуар төсеу жұмыстарына кіріседі.
Келесі кезекте тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, жиын өткізген облыс әкімі Бейбіт Исабаев:
– Біздің аймақ былтырғы жылды жақсы қорытындылап, негізгі нысаналы межеге қол жеткізді. Облыс бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,2%-ға, құрылыс, 9,7%-ға, сауда 3,5%-ға, байланыс 5,8%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 11%-ға, көлік және қоймалау қызметтері 1,4 есе ұлғайды. Облыс экономикасына 12,8% өсіммен 610,9 млрд. теңге инвестиция құйылды, – деп облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоба-жоспарларды таныстырды.
Өз кезегінде аудан әкімі Ұлан Досымбеков өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің негізгі бағыттарында 2024 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім болды. Атап айтсам, өнеркәсіпте 4,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілді, 16 шағын кәсіпорын тіркеліп, 400-ден астам адам жұмыспен қамтылды. Ауыл шаруашылығында өнім көлемі 39,9 млрд. теңгені құрады, оның ішінде мал шаруашылығының өнімі 4,3%-ға артты. Негізгі капиталға 21,8 млрд. теңге инвестиция тартылды, – деген аудан әкімі әр сала бойынша істелген ілкімді істерді кеңінен тарқатты.
Ұлан Әлдибекұлының айтуынша, аграрлы аймақ саналатын өңірде егіс алқаптары өткен жылдан 711 гектарға артық себіледі деп күтілуде. Оның ішінде қант қызылшасы 1,4 мың, дәнді дақылдар 7,6 мың гектар. Егіс алқабы ұлғаятындықтан өнім көлемін 42,3 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда. Осы межеге жету үшін шаруашылықтар арасында «Кең дала-2», «Агробизнес» бағдарламаларының мүмкіндігі кеңінен түсіндірілуде. Қазіргі уақытта осы бағдарламалар арқылы 17 шаруашылық несие алыпты. Биыл көктемгі дала жұмыстарына және күзгі дала жұмыстарына жалпы 62 шаруашылықтан сұйық отынға өтінім берілген. Бүгінгі күні 60,44 тоннасы алынды. Көктемгі дала жұмыстарына қатысатын техникалар толық жөндеуден өтіп, қосымша 60 техника сатып алу жоспарлануда. Ерекше тоқталатыны, 30 жылдан астам уақыт қайыр басқан 1078 шақырым суару каналдарына механикалық тазалау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Сонымен қатар, Үштөбе қаласы, Бастөбе, Ескелді округтерінде канал тазалау жұмыстары қарқынды жүзеге асуда. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл 21 жобаны қаржыландыруға өтінімдер түсті. Бағдарлама бойынша 5 кооператив құрылып, бұған қоса 2 қайта өңдеу саласы қаржыландырылады.
Ауданда мал санын 286 мың басқа жеткізу жоспарлануда. Мал басын асылдандыру мақсатында АКК арқылы «Тастөбе АгроФуд» ЖШС-мен сүтті бағытта (200 бас) және «Сейдахмет» ШҚ етті бағытта (400 бас) асыл тұқымды ірі қара мал басын алуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде қолда бар асыл тұқымды мал басы 19 мың басқа жеткізілмек.
Құрылыс – облыс экономикасының басым бағыттарының бірі. Аталмыш сала бойынша өңірде қарқынды жұмыс атқарылуда. Әсіресе тұрғын үй құрылысы 126 пайыз артығымен орындалып, 19 мың шаршы метр үйлер пайдалануға беріліпті. Бюджет қаржысына барлығы 60 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталып, 48 жеке тұрғын үй және апатты тұрғын үйлердің иелеріне 4 пәтер сатып алынды. Нәтижесінде тұрғын үй кезегінде тұрған 67 азамат баспаналы болған. Сонымен қатар, 40 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы биыл аяқталып, қазан айында қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.
– Соңғы үш жыл көлемінде 208 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 27 үй демеушілер есебінен берілді. Алайда, тұрғын үй кезегінде тұрғандардың саны өсуде. Осы жылдың үш айында 1299-дан 1714 адамға жетті. Биыл 40 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде және 20 жеке тұрғын үй сатып алу жоспарлануда. Бюджеттен қаржы толық бөлінген. Қосымша 40 жеке тұрғын үйді сатып алуға бюджеттік өтінім жолданды, – деді Ұлан Әлдибекұлы.
Аудан әкімінің мәліметінше, газдандыруға жататын 27 елді мекеннің он алтысына көгілдір отын тартылған. Ескелді би, Қызылжар және Көкдала ауылдарын газға қосу осы жылдың маусым айына жоспарлануда. Бұдан бөлек, Қожбан, Айту, Қарашеңгел, Ұмтыл, Айдар, Бесағаш, Бірлік, Қайнар ауылдарына жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Сондай-ақ, Үштөбе қаласы тұрғындарын сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында былтыр магистральдік жылу трассасына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, сапасы жақсарды.
Жиын соңында Бейбіт Өксікбайұлы аудан әкіміне инвесторларды тарта отырып, мал бордақылау алаңдарын, тауарлы-сүт фермаларын, ет комбинаттарын салуды, балық өсіруді, мал және балық өнімдерін терең өңдеуді қолға алу, аймақтағы жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету сияқты нақты тапсырмалар жүктеді.
Айдар ҚАЛИЕВ





