Күні кеше ғана Астана қаласында орын алған қайғылы оқиға бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Жарияланған бейнематериалда аулаға кіреберіс темір қақпамен жабылғанына қарамастан ТЖД қызметкерлері өрттің көршілес пәтерлерге таралуына жол бермей, алдын алғаны көрсетілді. Десе де уақытылы сөндіруге мүмкіндік бермеген тілсіз жаудан бір үйдің үш перзенті қаза тапты.
Осындай қайғылы жағдайдың алдын алу мақсатында облыстық ТЖД, қалалық ТЖБ, полиция және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерімен бірлесіп, арнайы өрт сөндіру техникасының аулаға еркін кіруіне кедергі келтіретін автокөліктерді анықтау және мұндай кедергілерді жойып, тұрғындар мен көлік иелері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында рейд жүргізілді.
Бірінші облыс орталығындағы «Самал» шағынауданындағы №35 үйдің ауласында тұрғын үй подъездеріне апаратын жолды темір-бетон блоктары толық жауып тастағанын көрдік. Манипуляторлы жүк көлігі келіп, оларды тиеп алып кеткенде тұрғындар ризашылық білдірді.
– Бұл темір-бетонның тұрғанына 3 жыл болды. Бір кәсіпкер бұл үйді өз жауапкершілігіне алғандай, осындай кедергілер орнатқан. Қанша күрессек те жолын таппай жүрген едік. Өте дұрыс іс атқардыңыздар. Әсіресе, «Жедел жәрдем» келгенде кіре алмай, айналып жүруге мәжбүр болатын. Ондай кезде әр минут қымбат қой. Мұндай бөгеттерді қоюға ешкімнің құқығы жоқ, ондайларға айыппұл салу керек, – дейді 1981 жылдан бері облыс орталығында тұратын Тамара Борисова.
Дәл осындай жағдай «Ұлан» шағынауданындағы №7 «А» үйінің ауласынан да байқалды. Манипулятор жұмысын бастамақ болғанда аты-жөнін айтудан бас тартқан тұрғын қарсы шығып, мамандарға кедергі келтірді. Қалалық ТЖБ басшысының міндетін атқарушы Болат Сүйербаев түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін іс Заң талаптарына сай атқарылды.
Облыстық ТЖД мәліметінше, биыл облыста көпқабатты тұрғын үйлерде 1 өрт оқиғасы тіркелген. Ал өткен жылы 5 жағдай орын алған. Өрттің негізгі себептері – электр сымдарының ақауы, желінің шамадан тыс жүктелуі, отты абайсыз қолдану, темекі шегу, тұрмыстық және газ құрылғыларын пайдалану ережелерін бұзу.
– Өрттің алдын алу мақсатында уәкілетті органдар бірлесіп рейд, тексеру, нұсқаулықтар мен түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Көпқабатты үйлердің тұрғындарымен өрт қауіпсіздігі талаптары мен төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдар бойынша 194 жиналыс өткізіліп, 3 мыңнан астам азамат қамтылды, – дейді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғаныс майоры Алмас Смағұлов.
Полиция департаментінің ресми өкілі, полиция майоры Жанар Қалықованың айтуынша, құқық қорғау органдары арнайы көліктердің кедергісіз жүруін қамтамасыз ету бойынша тұрақты жұмыс жүргізеді. Жол қозғалысы ережелерінің сақталуы қадағаланып, арнайы көліктерге жол бермеген жүргізушілерге әкімшілік шаралар қолданылып, профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, рейдтер ұйымдастырылады.
Қаладағы «Бірлік 27» «Мүлік иелері бірлестігінің» тұрғындары өз қаражаттарына аулаға автоматты шлагбаум орнатқан. Бұл іс толықтай заң талаптарына сай жүргізілген.
– Біз тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында арнайы жиналыс өткізіп, жауапты мамандармен келісіп, шлагбаум орнаттық. Барлығы заңды. Ең бастысы – қауіпсіз. «Қайнар» ЖШС-мен келісімшарт жасадық, – дейді «Мүлік иелері бірлестігінің» төрайымы Марал Байдильданова.
Талдықорған қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Жұлдыз Иманғазиеваның айтуынша, облыс орталығында 877 көпқабатты үй, 352 аула бар. «ҚР Тұрғын үй қатынастар туралы» Заңының 42-бабына сәйкес тұрғын үй ауласына шлагбаум орнату және басқа да мәселе арнайы мамандардың қатысуымен өтетін жиналыста шешіледі. Шлагбаум орнататын жағдайда тұрғындардың 50 пайыз келісімі болуы шарт.
Рейд соңында жол полициясы аулада көліктерін дұрыс қоймағандықтан өрт сөндіру техникасы шартты өрт орнына жете алмады. Анықталған екі көлік иесіне ескерту берілді.
Ең бірінші өзгелердің қауіпсіздігі мен амандығын ойлағанымыз жөн. Адам мен оның өмірі, құқығы, бостандығы мемлекеттің басты байлығы екенін ұмытпайық.
Еңлік КЕНЕБАЙ





