«Алтын-Емел» ұлттық табиғи паркінің 30 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Салтанатты шара Басши ауылындағы Мәдениет үйінде ұйымдастырылып, табиғатты қорғау ісіне ғұмырын арнаған азаматтар мен өңір жұртшылығын бір арнаға тоғыстырды.
Мерекелік кештің шымылдығы көтерілген сәттен-ақ көрермен ерекше рухани әсерге бөленді. Жүргізушілердің жан тебірентер сөзімен басталған жиын табиғатқа деген құрмет пен ұлт мұрасына деген жауапкершілікті айшықтай түсті. Алғашқы кезекте көпшілік назарына ұсынылған бейнебаян арқылы ұлттық парктің 1996 жылдан бергі қалыптасу кезеңдері, табиғи байлықты сақтау жолындағы еңбегі мен жетістіктері кеңінен таныстырылды. Көрермен көз алдында Алтын-Емелдің өткені мен бүгіні, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің өсіп-өркендеу динамикасы айқын көрініс тапты.
Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық парктің ел табиғатын сақтаудағы айрықша рөлін атап өтті. Ол өз сөзінде табиғатты қорғау – ұлт алдындағы қасиетті борыш екенін жеткізіп, осы салада еңбек етіп жүрген азаматтарға алғыс білдірді. Шара барысында бірқатар қызметкерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады. Олардың қатарында директордың орынбасары Ғалым Ахметбеков, бас бухгалтер Айжан Сартанова, инспекторлар мен сала мамандары бар.
Мерейтойлық шараға арнайы қатысқан ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев та ізгі тілегін білдіріп, қорық ісіне өлшеусіз үлес қосқан бірқатар азаматы ведомстволық наградалармен марапаттады. «Қорық ісінің еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен парк ардагерлері Халимолда Ахметбеков, Төлеген Елеусізов, Үмбет Рақымбердиев, Асқар Туғанбаев, Тұрсынбүбі Сағиева,Тоқтарқожа Смағұлов, Ғибадат Базарбеков, «Алтын-Емел» ұлттық табиғи паркінің 30 жылдығына орай «Биоәртүрлілікті сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» І дәрежелі төсбелгісімен Күләш Ысқақ, ІІ дәрежелі төсбелгісімен Әлімжан Заитов, ІІІ дәрежелі төсбелгісімен Абылай Молдахмет, Ардақ Қожекеев, Талғат Терлікбаев, Ербол Сәкеш, Ұлан Сұлтанғазиевтар марапатталды.
Ұлттық парк ардагері Ғибадат Базарбеков:
– Еңбегімізді елеп-ескеріп құттықтап, марапаттап жатқан азаматтарға көптен-көп рахмет. Осы тойға алыс-жақыннан келіп, қатысып жатқан көпшілікке алғыс айтамын. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Қорығымыздағы аң-құсқа ешкім суық қару атпасын. Осы салада аянбай тер төгіп жүрген азаматтардың дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілеймін, – дейді қарт қорықшы.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы тарапынан да бірқатар қызметкер Алғыс хатпен марапатталып, олардың еңбегі ел алдында еленді. Бұл табиғатты қорғау жолындағы табанды еңбектің айқын көрінісі еді. Кеш барысында ұлттық парктің бас директоры Қуат Байтурбаев сөз алып, ұжымның 30 жыл ішінде атқарған ауқымды жұмыстарын саралап өтті. Ол өз сөзінде Алтын-Емелдің тек табиғи қорық қана емес, тарихи-мәдени маңызы зор аймақ екенін жеткізді. Сондай-ақ, парк дамуына үлес қосқан ардагерлерге ерекше құрмет көрсетіліп, олардың естеліктері мен ақжарма тілектері тыңдалды.
Салтанатты бөлім соңы әсерлі концерттік бағдарламаға ұласты. Қазақтың дәстүрлі ән өнері мен күй мұрасы сахна төрінде жаңғырып, көрерменге ерекше рух сыйлады. Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев орындаған халық әндері мен Біржан сал туындылары көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дәлел Уашевтің орындауындағы әндер де кеш көркін аша түсті.
«Арғымақ» тобының патриоттық әндері, «Жетісу сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің күйлері мен халық әндері көрерменге ұлттық өнердің терең тамырын сезіндірді. Кешке қатысқан өзге де өнерпаздар туған жер, ел мен жерге деген сүйіспеншілік тақырыбын әсем әуенмен жеткізді.
Мерейтой аясында тағы бір маңызды жоба жүзеге асты. «Сұңқарлар» клубымен бірлесіп Сауд Арабия елінен әкелінген 34 ителгінің соңғы легі парк аумағына жіберілді. Мамандар бұл бастама сирек кездесетін жыртқыш құстың санын көбейтуге мүмкіндік беретінін айтады.
Тағылымы мол шара «Биоалуантүрлілікті сақтау – табиғи мұраны қорғаудың негізі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты. Пленарлық отырыста табиғи кешендердің биологиялық алуандығын сақтау жолдары кеңінен талқыланды. Жиында Зоология және Ботаника институттарының ғалымдары экожүйелерді қорғау, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді сақтау бағытындағы зерттеулерін ұсынды. Қар барысы, құлан, жыртқыш аңдар популяциясы, жәндіктер әлемі мен өсімдік жамылғысының жағдайы туралы баяндамалар жасалды. Сонымен қатар, спутниктік деректер арқылы жүргізілген заманауи зерттеулер де назарға алынды.
Ғылыми басқосу барысында биоалуантүрлілікті сақтаудағы өзекті мәселелер қозғалып, табиғатты қорғау ісіндегі ғылыми ынтымақтастықты күшейту қажеттігі айтылды. Конференция қорытындысында қатысушыларға сертификаттар табысталып, іс-шара Басши ауылындағы салтанатты кешпен аяқталды.
P.S. Расында, «Алтын -Емел» ұлттық табиғи паркі ұлттың рухани байлығы, келер ұрпаққа аманат етілген асыл қазына. Осы құндылықты сақтау жолында еңбек етіп жүрген жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Медет ЖҰМАБАЙ





