Қорғаныс саласы тәртіп пен талаптан бөлек, рух пен тілдің де сыналар кеңістігі. Соңғы жылдары еліміздің әскери құрылымдарында мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңейіп, күнделікті қызметтің табиғи тіліне айналып келеді. Бұйрық пен жарлықтан бастап, ішкі қатынас пен ресми құжаттарға дейін қазақша сөйлеу дағдысы жүйелі түрде орнығып отыр.
Осы үрдістің нақты көрінісі ретінде ҚР Қорғаныс министрлігінің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты Сарыөзек гарнизонындағы 12740 әскери бөлімінде атқарылып жатқан тілдік жұмыстарды атауға болады. Ағымдағы жылдан бастап аталған бөлімнің сарбаздарына А1 деңгейі бойынша мемлекеттік тіл үйретіліп келеді. Оқу тобына 64 өзге этнос өкілі қамтылған. Олардың басым бөлігі орыс ұлтының жастары, қалған қатарды ұйғыр, татар, украин және неміс ұлттарының өкілдері толықтырады.
Төрт айға жуық мерзім ішінде тыңдаушылардың тілдік қабілеті айтарлықтай ілгеріледі. Оқылым мен жазылым, тыңдалым мен айтылым бағыттары бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп, сарбаздардың сөз саптауы түзеліп, өз ойын қарапайым әрі нақты жеткізу машығы қалыптасты. Теориялық білім тәжірибемен ұштасып, әскери ортада күнделікті қарым-қатынаста қолданылып отыр.
Байқалған тағы бір маңызды жайт тіл үйренуге деген ішкі ынта. Сабақ барысында әскери қызметшілер қазақ тілінде сөйлеуге талпынып қана қоймай, ұлттық салт-дәстүр мен әдеби мұраға да қызығушылық танытуда. Бұл – елдік танымды біріктіретін рухани арна екенін аңғартады.
Қазақстан – көпэтносты мемлекет. Әр ұлт өз болмысын сақтай отырып, ортақ Отанға адал қызмет етуді парыз санайды. Әскери ортада бұл ұстаным айқын сезіледі. Бір сапта тұрған сарбаздар үшін ұлтқа бөліну жоқ, олардың барлығын біріктіретін – ант пен жауапкершілік, тәртіп пен ортақ мүдде.
Түйіндей айтқанда, татулық пен келісім салтанат құрған жерде іріткіге жол берілмейді. Әскер сол бірліктің айнасы. Ал мемлекеттік тіл сол айнадағы ел болмысының айқын бедері. Қазақ тілі өзінің көркемдігімен, бай мазмұнымен әскери ортада да өз орнын нықтап келеді. Бұл – ел тұтастығының, рух беріктігінің белгісі.
А. Шағырбаева
Жетісу облысының «Тіл» оқу — әдістемелік орталығы
Кербұлақ аудандық филиалының оқытушысы





