Бүгінде отандық тағам өндірісінің дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлердің қатарында Үшарал қаласының тұрғыны Жанар Дәулетханқызының есімі ерекше аталады.
Ол өз ісін нөлден бастап, еңбекқорлығы мен іскерлігінің арқасында шағын бизнесті тұрақты табыс көзіне айналдыра білді. Жанар Дәулетханқызы тағам өндірісі саласына кездейсоқ келген жоқ. Ерте бастан аспаздыққа қызығып, заманауи тағам түрлерін дайындауды жетік меңгерген ол уақыт өте келе бұл хоббиін кәсібіне айналдырды. Алғашында үй жағдайында тапсырыс қабылдаудан бастаған ісі бүгінде шағын өндіріс орнына ұласқан. Кәсіпкердің өнімдері сапасы және табиғилығымен ерекшеленеді.
Ол тағам дайындауда тек таза, жергілікті өнімдерді пайдалануға басымдық береді. Соның арқасында үлкен сенімге ие болып, тұрақты тұтынушыларын қалыптастыра білді. Кәсіпкер тек табыс табуды ғана емес, қоғамға пайда әкелуді де басты мақсат етеді. Ол өз ісі арқылы бірнеше адамды жұмыспен қамтып, ауылдағы қыз-келіншектердің кәсіпке араласуына мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде оның бизнесі тұрақты дамып, жаңа бағыттарға жол ашуда.
Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім түрлерін көбейтуді жоспарлап отырған кәсіпкердің мақсаты – отандық тағам өндірісін жаңа деңгейге көтеру. Өндірісте дайындалатын торттар тек дәмімен ғана емес, әсем безендірілуімен де ерекшеленеді. Жартылай дайындалған тағамдар үй жағдайында жылдам әрі оңай әзірлеуге ыңғайлы болғандықтан көпшілік сұранысына ие. Жанар Дәулетханқызының айтуынша, ол тағам әзірлеу мен тәттілер пісіруге бала кезінен қызығушылық танытыпты.
Дайын өнімдері өзінің екі дүкенінде саудаланады. Өнімдерге тапсырыс беретіндер әсіресе жаз айларында қыза түседі. Бірнеше жергілікті тұрғынның еңбекпен қамтылуына қол ұшын беріп отырған кәсіпкерде «Күміс жас» жобасы бойынша жұмыс істейтіндер де бар. Еңбеккерлерге жалақылары уақытылы беріледі және мереке күндері сыйақылар да тағайындалады.
– Бұл жерде былтырдан бері еңбек етемін. Цехта кондитерлік қызмет атқарамын. Осы мамандықты оқып, бітірдім. Жұмысым өзіме ұнайды, – дейді Шырын Садықова.
Кәсіпорындағы басқа қыз-келіншектер де өз істеріне дән риза. Өйткені, еңбеккерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне қажетті мүмкіндіктер қарастырылған. Бизнес иесі кәсібінің жандануына Үкіметтен берілген қайтарымсыз грант қаражатының көп көмегі тиіпті. Цехқа қажет құрал-жабдықтардың біразы сол ақшаға сатып алынған. «Жанар» жеке кәсіпкерлігіндегі кәсіпорында қазір манты, тұшпара, жайма сияқты жартылай әзірленген тағамдар мен тәтті торт түрлері, пирожки, самса, пигоди, тағы басқалары жасалады.
Жанар Дәулетханқызы кәсібіне деген сүйіспеншілігі мен адал еңбегінің арқасында шағын бизнесті табысты дамыту жолында сенімді қадам басып келеді. Оның еңбек жолы – табандылық пен ізденістің, адал істің нақты көрінісі. Оның жетістігі көптеген жас кәсіпкерге үлгі болары сөзсіз.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Шынар Шаяхметованың сөзінше, өңірде 4500-ден аса жұмыс істеп тұрған кәсіп бар. Ол жерлерде барлығы 10 мыңға жуық адам еңбек етеді. Шағын және орта бизнес саласында қызмет атқарып жүрген кәсіпкерлердің басым бөлігі әйелдер. Қызмет көрсету саласы да жақсы дамып келеді. Алакөлде демалушылардың қатары көбейген сайын қоғамдық тамақтандыру орындарының саны артып, тағам өндірісі алға басу үстінде.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





