Энергетика министрінің бұрынғы кеңесшісі Олжас Байділдинов өзінің Telegram-арнасында болашақ АЭС-тегі электр энергиясының шамамен құнына қатысты есеп жүргізген. Бұл әзірге нақты бекітілген тариф емес, тек алдын ала талдау екені атап өтіледі. Сарапшы есептеулерін бұрын Атом энергетикасы агенттігін басқарған Алмасадам Сатқалиев келтірген деректерге негіздеген.
Оның айтуынша, атом электр станциясының құрылысы Ресейден алынатын несие есебінен қаржыландырылуы мүмкін және жобаның жалпы құны шамамен 15 млрд долларды құрайды. Алайда несиенің нақты пайыздық мөлшерлемесі мен қайтару шарттары әлі белгісіз.
Байділдиновтың болжамына сәйкес, егер құрылыс құнының 85 пайызы, яғни 12,75 млрд доллар 20 жылға 10% мөлшерлемемен рәсімделсе, жыл сайынғы төлем шамамен 1,47 млрд доллар болады. Мұндай жағдайда жалпы артық төлем көлемі 16,8 млрд долларға жетуі ықтимал.
Ал Ресейдегі қазіргі экономикалық ахуалды ескеріп, пайыздық мөлшерлеме 14% деңгейінде болады деп алсақ, онда 20 жыл ішінде артық төлем 25,3 млрд долларға дейін өсуі мүмкін.
Сарапшының айтуынша, екі энергоблоктан тұратын атом электр станциясы жылына шамамен 16-18 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндіре алады. Осы көрсеткіштерге сүйенгенде, бір киловатт-сағат электр энергиясының өзіндік құны кемінде 9-12 цент, яғни доллар бағамы 500 теңге болған жағдайда 45-60 теңге аралығында болуы мүмкін.
Операциялық шығындар мен электр энергиясын тасымалдау тарифтерін қосқанда, түпкілікті тұтынушы үшін баға 12-18 цент немесе 60-90 теңге/кВт·сағ деңгейінде қалыптасуы ықтимал. Бұл атом энергиясы арзан болмайтынын көрсетеді.
Сарапшы пікірінше, егер елде екі атом электр станциясы қатар іске қосылса, электр энергиясының жалпы бағасы айтарлықтай өсіп, кей жағдайда екі еседен астам қымбаттауы мүмкін.
– Атом энергетикасы – арзан энергия көзі емес, ол ұзақ мерзімге арналған тұрақты базалық генерация. Қазіргі жағдайда таңдау да шектеулі. Газ қоры жеткіліксіз, ал заманауи көмір станцияларының құрылысы да атом энергетикасымен шамалас. Жаңартылатын энергия көздері тұрақты базалық қуатты толық қамтамасыз ете алмайды әрі қосымша газ генерациясына тәуелді, – дейді Олжас Байділдинов.
Қазіргі таңда Қазақстандағы атом электр станциясынан өндірілетін электр энергиясының нақты құны бойынша ресми ақпарат жарияланған жоқ. Бұған дейін Алмасадам Сатқалиев елде болашақта үш емес, төрт атом электр станциясын салу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын мәлімдеген.





