Талдықорған қаласына Индонезияның Қазақ-стандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мохамад Фаджрул Рахман жұмыс сапарымен келді.
Құрметті қонақ Жетісу облысының бизнес өкілдері мен индонезиялық кәсіпкерлер арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға ерекше ықылас білдіріп, осы мақсатта «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының жұмысымен танысты. Мұхаммед Фаджрул Рахманды өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев қарсы алды. Ол аймақ әлеуетін таныстыра отырып, туризм, агроөнеркәсіптік кешен және өнеркәсіпті дамыту істеріне баса назар аударды.
Облыстың инвестициялық әлеуетіне де тоқталып, оның ішінде халықаралық нарықтарға шығуды қамтамасыз ететін қолайлы географиялық жағдай мен шекара маңындағы инфрақұрылымның болуы және құрғақ порттың маңызын атап өтті. Кездесу барысында Индонезия тарапы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге қызығушылық танытты. Сондай-ақ, туризмнің даму әлеуетін жоғары бағалады.
Елшінің айтуынша, Индонезияға қазақстандықтар көп барады, ал Индонезиядан Қазақ-станға келетін туристер саны әзірге аз. Осыған байланысты Жетісудың таулы, көлді және шөлді аймақтарды қамтитын табиғи әралуандылығы шетелдік туристер мен инвесторларды шақыруға керемет бағыт ретінде бағаланады.
Өңірлік бизнес өкілдерінің халықаралық көрмелерге қатысу мүмкіндіктері жеке талқыланды. Елші Жетісу кәсіпкерлерін Индонезиядағы Trade Expo және Halal Expo сияқты ірі іскерлік алаңдарға қатысуға шақырды. Сондай-ақ, индонезиялық нарықтың ерекшеліктеріне байланысты халал өнімдеріне сұраныстың жоғары екенін айтып өтті.
Кәсіпкерлер палатасы өз кезегінде бизнес пен инвесторлар арасында делдалдық қызмет атқаруға, жобаларды сүйемелдеуге және олардың жүзеге асырылуына ықпал етуге дайын екенін мәлім етті. Кездесуден кейін тараптар серіктестікті нығайтуға қызығушылық танытып, тұрақты іскерлік байланыстарды дамытуды жалғастыруға келісті.
Елшінің сапары халық- аралық ынтымақтастықты кеңейтуге және облыс кәсіпкерлеріне жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған тағы бір қадам болды.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





