Еліміздегі ақылы автожолдар желісі айтарлықтай кеңейіп, жол бойындағы сервис жаңа деңгейге көтеріледі, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бұл жаңалықты Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлімдеді. Оның айтуынша, 2026 жылы мемлекеттік маңызы бар тасжолдарда ірі өзгерістер орын алмақ.
Қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы ұзындығы 4900 шақырымды құрайтын 26 ақылы жол учаскесі бар. Алайда, 2026 жылы бұл көрсеткіш айтарлықтай өспек. Жоспарға сәйкес, тағы 6 жаңа ақылы учаске іске қосылып, олардың жалпы ұзындығы шамамен 2000 шақырымды құрайтын болады.
Жүргізушілер үшін ең маңызды жаңалықтың бірі – жол сапасына қойылатын талаптың қатаңдауы. Енді жол жабынында ақау анықталған жағдайда, ол жерде ақы алуды уақытша тоқтату нормасы енгізілді. Қазірдің өзінде мамандар 15 учаскедегі (477 шақырым) кемшіліктерді жоюмен айналысып жатыр. Бұл қадам «ақылы жол – сапалы жол» деген қағиданың орындалуын қамтамасыз етеді.
Жол жүру ақылы болған соң, оның бойындағы қызмет көрсету сапасы да жоғары болуы шарт. Бүгінде республикалық жолдардың бойында 1500 жуық қызмет көрсету нысаны жұмыс істеп тұр.
2026 жылға арналған жоспарлар:
-
Жеке инвестициялар есебінен 37 жаңа нысан ашылады;
-
Оның ішінде 27 заманауи жанармай құю бекеті болады;
-
10 жаңа қоғамдық тамақтану орны (дәмханалар мен мейрамханалар) іске қосылады.
Бұл нысандардың барлығы халықаралық стандарттарға сай келуі тиіс. Осылайша, ұзақ сапарға шыққан жолаушылар мен жүргізушілер үшін жайлы жағдай жасалмақ. Инвестиция тарту арқылы инфрақұрылымды дамыту бюджетке түсетін салмақты азайтып, бизнеске жаңа мүмкіндіктер береді.
Жаңа ақылы жолдар мен заманауи сервистік бекеттер ел экономикасы мен туризмнің дамуына серпін береді деген сенім мол.





