Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №57 мекемеде режимдік аумаққа тыйым салынған заттарды заңсыз кіргізу әрекетінің жолы кесілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жедел ақпарат негізінде жедел бөлім қызметкерлері Ұлттық ұлан әскери қызметшілерімен бірлесіп, мекеме аумағына материал жеткізу үшін кірген автокөлікті тексерген. Тексеру барысында көліктің қосалқы дөңгелегінің ішінен арнайы жасырын орын анықталып, одан тыйым салынған заттар табылған.
Нәтижесінде 3 дана ұялы телефон, 5 дана USB-кабель және 3 дана USB-адаптер тәркіленді.
Аталған заңсыз әрекет дер кезінде тоқтатылып, осы дерек бойынша тиісті тексеру амалдары басталды.
Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаменті режимдік мекемелер аумағына тыйым салынған заттарды заңсыз алып кіру қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.





