24 сәуір күні Қазгидромет еліміздің 17 облысында қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жариялады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Синоптиктердің мәліметінше, алдағы тәулікте бірқатар өңірлерде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын түсіп, найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін. Кей аймақтарда дауылды жел күшейіп, тұман түсіп, ауа температурасы төмендейді.
Елдің солтүстік және орталық бөліктерінде – Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында ауа райы күрт құбылады. Жауын-шашын күшейіп, кей жерлерде жаңбыр қарға ұласуы ықтимал. Әсіресе Солтүстік Қазақстан облысында желдің екпіні секундына 30 метрге дейін жетеді деп болжануда.
Батыс өңірлерде де тұрақсыздық сақталады. Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде тұман түседі. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда – Алматы, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарында нөсер жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі. Таулы өңірлерде қатты жауын-шашын мен екпінді жел болжанып отыр. Сонымен қатар бірқатар аумақта өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Қызылорда облысында шаңды дауыл тұруы ықтимал. Ал Ақтөбе облысында жаңбыр жауып, найзағай ойнап, жел күшейеді.
Мамандардың айтуынша, ауа райының мұндай құбылмалы сипаты жолдағы қозғалысқа, көріну деңгейіне және тұрғындардың қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты синоптиктер азаматтарды сақтық шараларын қатаң сақтауға, сондай-ақ алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамын алдын ала нақтылап алуға шақырады.





