Көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысу мақсатында Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдинов бірқатар шаруа қожалықтарының егіс алқаптарын аралап, көктемгі науқанның жүргізілу барысымен танысты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Алдымен Жыланды ауылдық округіне қарасты «Абдрахманов Қ.» шаруа қожалығында болып, жаздық бидайды алдыңғы қатарлы агротехнологиялар негізінде шетелдік John Deere техникаларының көмегімен себу жұмыстарының басталу барысымен танысып қайтты.
Сондай-ақ, «Беков А.» шаруа қожалығында жоғары өнім алудың басты тетігі саналатын ылғал сақтау технологиялары мен заманауи тәсілдер қолданылуда. Қожалық шетелдік «Class» техникалары мен төрт операцияны қатар атқаратын тіркемелер арқылы алдыңғы технология үлгісімен жаздық бидай себу жұмыстарын жүргізуде.
Аудан әкімі өңір бойынша маңызды бағыттардың бірі саналатын қант қызылшасы өндірісіне де ерекше назар аударды. Осы ретте тәтті түбір өсірумен айналысатын «Болат Групп» ЖШС алқабында болып, тамшылатып суғару технологиясының қолданылуы және 300 гектар алқапта тұқым себу жұмыстарының барысына көз жүгіртті.
Аралау барысында аудан әкімі көктемгі дала жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы ауыл шаруашылығы өнімділігін арттырудың негізгі кепілі екенін атап өтті.





