Чернобыль атом электр стансысындағы апаттың 40 жылдығы қарсаңында Талдықорған қаласында адамзат тарихындағы осы қайғылы оқиғаға арналған іс-шара өтті.
Облыс орталығындағы Жеңіс саябағында орналасқан Семей ядролық полигоны мен Чернобыль АЭС апаты құрбандарына арналған ескерткіш митинг өтетін негізгі орынға айналды. Бұл жерге қала, аудандардан келген техногендік апаттың зардаптарын жоюға қатысқан ардагерлер жиналды. 1986-1989 жылдары Украинаға жіберілген Талдықорған облысынан шыққан 1200 әскери қызметші мен әскери міндеттілердің бүгінгі таңда шамамен 200-ге жуығы қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Олардың көпшілігі радиация салдарынан туындаған сәуле ауруы мен өзге де дерттерден қайтыс болған жолдастарын еске алу үшін Талдықорғанға арнайы келді.
Митинг барысында облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, «Қазақстан Чернобыль ардагерлері» ұйымы орталық кеңесінің төрағасы Құсайын Мұстафа сөз сөйледі. Олар өз баяндамаларында Жетісу өңірінен аттанған азаматтар апат салдарын жоюдағы және Чернобыль атом электр стансысының зақымданған төртінші энергоблогын оқшаулаудағы маңызды рөлін атап өтіп, тарихи жадыны сақтаудың маңыздылығын ерекше айтты.
Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін көпшілік Тіл сарайында Чернобыль АЭС апатының 40 жылдығына арналған облыстық конференцияға қатысты. Конференцияны облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бауыржан Әбибеков жүргізді. Жиын барысында ардагерлер естеліктерімен бөлісіп, сол күндердің ауыр сәттерін еске алды. Олар адам өмірі мен табиғат қауіпсіздігі бәрінен қымбат екенін жеткізіп, жас ұрпақты елін сүюге, жауапкершілікке және батылдыққа тәрбиелеудің маңызын атап өтті. Чернобыль апаты адамзатқа ғылым мен техниканы пайдалану кезінде қауіпсіздік пен жауапкершіліктің қаншалықты қажет екенін көрсетті. Бұл қайғылы оқиға тек сол кезеңдегі Кеңес одағы елдеріне ғана емес, бүкіл әлемге қауіп төндіргені айтылды.
Қатысушылар апат пен оның салдары туралы деректі фильм көрді. Пікір алмасудан кейін бірқатар азамат Алғыс хатпен, Құрмет грамотамен, мерейтойлық төсбелгі және медальмен марапатталды.
Чернобыль ардагерлерінің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Олардың жанқиярлығы, табандылығы мен Отан алдындағы адалдығы ел есінде мәңгі сақталады.
Айдана АМАНЖОЛҚЫЗЫ





