Соңғы жылдары хиджама мен шертпе сияқты халықтық емдеу тәсілдері кең таралып келеді. Алайда бұл әдістердің пайдасынан гөрі қаупі басым емес пе?
Қазақ қоғамында халықтық емдеу тәсілдері бұрыннан бар. Соның бірі – шертпе, яғни дененің белгілі бір нүктелеріндегі тамырды тесу арқылы қан шығару. Ал хиджама – теріні кесіп, қан шығару әдісі. Кейбір адамдар бұл тәсілдерді ағзаны «тазартады» деп қабылдайды. Дегенмен, медицина мамандары бұл көзқараспен толық келіспейді. Хиджама – капиллярлы қан кетіру әдісі болғанымен, ол дұрыс жасалмаса, адам денсаулығына елеулі зиян келтіруі мүмкін. Алматы дәрігерлері келтірген дерекке сүйенсек, 55 жастағы әйел хиджама жасатқаннан кейін жағдайы ауырлап, жансақтау бөліміне түскен. Оның гемоглобин деңгейі 20 г/л-ге дейін төмендеген (қалыпты көрсеткіш – шамамен 120 г/л). Нәтижесінде оған қан құюға тура келген.
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жағдайлар сирек емес. Хиджама мен шертпе кезінде ең үлкен қауіп – инфекция жұқтыру. Егер құралдар дұрыс стерилизацияланбаса, гепатит В, гепатит С және АИТВ сияқты қауіпті аурулар жұғуы мүмкін. Сонымен қатар, бұл процедуралар барлық адамға бірдей жарамайды. Жүкті әйелдерге, онкологиялық және жүрек-қан тамыр аурулары бар науқастарға, сондай-ақ, қан ұюы бұзылған адамдарға мұндай ем жасауға болмайды.
Ресми медицина да бұл әдістерге сақтықпен қарайды. Денсаулық сақтау саласының мамандары хиджама мен оған ұқсас тәсілдердің ғылыми дәлелденген ем түрлеріне жатпайтынын атап өтеді. Яғни мұндай емнің салдары үшін жауапкершілік көбіне адамның өзіне жүктеледі.
Тағы бір алаңдататын мәселе – әлеуметтік желілерде бұл процедуралардың кеңінен насихатталуы. Мұндай видеоларды көрген адамдар оны үй жағдайында қайталауға тырысуы мүмкін. Ал арнайы білімсіз жасалған ем денсаулыққа үлкен қауіп төндіреді.
Хиджама мен шертпе – халықтық тәжірибеде қолданылған әдістер. Бірақ оларды қауіпсіз әрі тиімді деп біржақты бағалауға болмайды. Ең бастысы – денсаулыққа немқұрайды қарамау.
Кез келген емді қолданар алдында міндетті түрде дәрігермен кеңескен жөн. Себебі денсаулық – тәжірибе жасайтын сала емес.
Аяулым ТАРЫБАЕВА





