Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев NVIDIA компаниясының жаһандық жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту жөніндегі вице-президенті Николо Мартин Капреземен, сондай-ақ Firebird AI компаниясының негізін қалаушылар Размиг Берг Овакимян мен Александр Есаянмен кездесті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
Ақорданың баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуде жасанды интеллект инфрақұрылымын жобалау, салу және пайдалану бағытындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның алдағы үш жыл ішінде толық цифрлық елге айналуды мақсат етіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, NVIDIA технологиялары негізінде суперкомпьютерлік кластерлерді іске қосу, бұл мақсатқа жетудің және елдің технологиялық тәуелсіздігін нығайтудың маңызды қадамы.
Сондай-ақ Президент Екібастұз қаласында деректерді өңдеу орталықтары кластерін құруға бағытталған стратегиялық жоба жүзеге асырылып жатқанын айтты. Жоба аясында есептеу инфрақұрылымын дамытуға мүдделі инвесторлар үшін қолжетімді электр энергиясы, дамыған телекоммуникациялық желі және салықтық жеңілдіктер қарастырылған.
Кездесу барысында NVIDIA және Firebird AI өкілдері Арменияда жүзеге асып жатқан ұқсас жобалар туралы айтып, тәжірибелерімен бөлісті.
– Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен компания өкілдері ЖИ-экожүйесін дамыту бағытындағы бірлескен бастаманы іске асыру мүмкіндіктерін зерделеуге келісті, – делінген хабарламада.





