Талдықорған қаласындағы жылу инфрақұрылымын жаңғыртуға Үкімет резервінен шамамен 5,7 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған. Бұл шешім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты сенімді жылумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында қабылданды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бөлінген қаражат Жетісу облысының орталығында орналасқан Оңтүстік-Батыс жаңа тұрғын ауданында қазандық салу және жылу желілерін тарту жобаларын аяқтауға бағытталады. Аталған жұмыстарды осы жылдың күзіне дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта Талдықорған қаласының орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінде жалпы қуаты 400 Гкал/сағ болатын 10 қазандық жұмыс істейді. Қаладағы жылу желілерінің ұзындығы 179 шақырымға жетеді. Инфрақұрылымның орташа тозу деңгейі 62%-ды құрайды. Негізгі жылу көзі саналатын «Басқуат» орталық қазандығы 1980 жылы пайдалануға берілген және оның жабдықтарының тозуы 71%-ға жеткен.
Соңғы жылдары қала халқының өсуіне байланысты қолданыстағы «Басқуат» қазандығының жүктемесі артқан. Қосымша жылу қуатын қамтамасыз ету мақсатында Талдықорғанда қуаты 49 Гкал/сағ болатын жаңа қазандықтың құрылысы жүргізіліп жатыр. Жоба іске қосылған жағдайда орталық қазандыққа түсетін жүктеме азайып, жүйенің тұрақтылығы артады.
– Жоба құны келісімшарт бойынша 11,1 млрд теңгені құрайды. Қазір құрылыс жұмыстарының шамамен 60%-ы орындалды. Нысанды пайдалануға беру 2026 жылғы қазан айына жоспарланған, – делінген хабарламада.
Жаңа қазандықты толыққанды іске қосу үшін Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданына жылу желілерін тарту жұмыстары қатар жүзеге асырылуда. Жобаларды уақытында аяқтау нәтижесінде «Болашақ», «Көктем», «Бірлік» және «Құлагер» шағын аудандарында 2024-2026 жылдары салынған көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар тұрақты және сапалы жылумен қамтамасыз етіледі.
Жалпы алғанда, жаңа инфрақұрылым 20 мыңға жуық абонентті қамтиды. Оның ішінде 120 көпқабатты тұрғын үй, сондай-ақ 17 әлеуметтік, коммерциялық және өзге де нысандар бар.





