Талдықорған қаласындағы Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде 2026 жылғы шомылу маусымына дайындық және су айдындарындағы қауіпсіздік мәселелері талқыланды.
Брифингке Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) жауапты өкілдері мен медицина мамандары қатысып, алдағы маусымның басты ережелері мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.
Шомылу маусымы қарсаңында облыс аумағында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді жұмыстар басталып кетті. Жетісу облысы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, Елдар Тұрсынов:
«Бүгінгі таңда облыс аумағында суда жаппай демалуға арналған 4 орын белгіленді. Олар: Талдықорған қалалық жағажайы, Алакөл ауданындағы Ақши және Көктұма жағалаулары, сондай-ақ Сарқан ауданындағы Балқаш көлінің жағалауы. Мамыр айының соңына дейін демалыс орындары мен балалар лагерьлері орналасқан су айдындарының түбін тексеру және тазарту жұмыстары толық аяқталады. Қауіпсіздікті нығайту үшін облыс бойынша қауіпті учаскелерде 190 тыйым салу белгілері орнатылып үлгерген және бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Әсіресе Талдықорған (18 белгі), Алакөл (25 белгі) және Көксу (15 белгі) аудандарында бақылау күшейтілген», – деді.
Судағы төтенше жағдайларға жедел әрекет ету — басты міндет. Бұл бағытта Жетісу облысы ТЖД Жедел құтқару жасағының техникалық базасы айтарлықтай жаңартылған. Талдықорған құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Сырым Дайырбаевтың айтуынша қазіргі уақытта жасақ 25 жүзу құралымен және 45 бірлік сүңгуірлік жабдықпен толық қамтылған.
«Шомылу маусымына дейін жергілікті бюджет есебінен қосымша 6 үрлемелі қайық пен 50 құтқару жилетін сатып алуды жоспарлап отырмыз. Департаменттің жедел-құтқару жасағында барлығы 82 маман жұмыс істейді. Алакөл жағалауындағы Ақши және Лепсі ауылдарында арнайы құтқару бөлімшелері тұрақты кезекшілік атқарады. Мысалы, Ақшиде күн сайын 9 құтқарушы қызметке тартылса, оның алтауы жағалау бойында күндізгі патрульдеу жүргізеді», – деді спикер.
Биыл Алакөл мен Балқаш көлдерінде тек құтқарушылар ғана емес, сонымен қатар арнайы құтқару мұнаралары, қалқыма қоршаулар (буйкалар) мен пирстер орнатылып жатыр.
Жиын барысында ҚР ТЖМ Аппараттар медицинасы орталығының фельдшері Аманкелді Қылышбаев судағы алғашқы көмек пен қауіпсіздік ережелеріне тоқталды. Маманның сөзінше, өткен жылы облыс су айдындарында 5 адам қаза тапқан, оның ішінде екеуі – балалар. Сонымен қатар, құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында 36 адам (оның ішінде 13 бала) аман қалды.
Сондықтан тұрғындарға тек рұқсат етілген және жабдықталған жағажайларда шомылу керек. Балаларды су маңында ешқашан қараусыз қалдырмау қажет. Мас күйде суға түсуге қатаң тыйым салынады. Буйкамен белгіленген қауіпсіздік аймағынан асып жүзуге болмайды. Құтқару кеудешесін кию – өміріңізді сақтаудың кепілі.
Мамандар су айдындарындағы тәртіпті бұзғандарға әкімшілік шаралар қолданылатынын ескертті. Өткен маусымда 51 адамға жалпы сомасы 746 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.
Мәулен Әнербай





