«Таулы Қарабақ ардагерлері мен мүгедектерінің республикалық одағы» қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен еліміздің түкпір-түкпірінде Қарабақ жерінде қайтыс болған жауынгерлерді «Еске алу 10 күндігі» шарасы ұйымдастырылды.
Осыған орай Көксу ауданы, Талапты ауылында оқушылар арасында қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлының қара сөздерін және Таулы Қарабақ этносаралық қақтығысының ардагері, Шымкент қаласы бойынша филиалдың төрағасы Мұрат Төленбайұлының өлеңдерін жатқа оқудан байқау өтті.
Жарыстың ашылуында көрермендерге сұрапыл соғыстағы батырлардың ерлігі жөнінде бейнебаян көрсетілді. Осыдан кейін «Таулы Қарабақ ардагерлері мен мүгедектерінің республикалық одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жетісу облыстық филиалы төрағасы Айдарбек Намазбаев сөз алып, оқушыларға сәттілік тілеп, ақ тілегін білдірді.
Байқауға 30-дан астам оқушы қатысты. Олар өлең-жырдың келісті керуенін түзіп, поэзия мен проза оқудан жарысты. Балалар көрерменді кәусар жырмен сусындатып, халық қошеметіне бөленді.
Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Жамбыл орта мектебінің оқушысы Айша Төкенқызы жеңіп алды. 1-орынды Талапты орта мектебінің оқушысы Әнуар Рүстембек, 2-орынды Жетіжал орта мектебінің оқушысы Әбіш Қаракөз еншіледі. 3-орынды Мұқаншы орта мектебінің оқушысы Айша Кендебайқызы, Ж. Егінбаев орта мектебінен келген Айсұлу Құрманбекқызы, З. Тамшыбаева мектебінің оқушысы Ахмет Еркежан иеленді. Сондай-ақ, көрермен көзайымына айналған оқушылар да арнайы номинациямен марапатталды. Байқау барысында Таулы Карабақ ардагерлеріне «Ұрыс қимылдарының ардагері» медальдары мен куәлік табысталды.
«Жетісу-Ақпарат»





