Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі. Оның отты жылдары алыстаған сайын сол дәуірдің шындығын жеткізетін деректер мен естеліктердің қадірі арта түсуде. Бүгінгі ұрпақ үшін сол бір сұрапыл шақтың куәсіне айналған жәдігерлердің орны бөлек. Талдықорған қаласындағы облыстық М. Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі – сондай рухани көпірдің бірі.
Музей экспозициясына зер сала қараған адам бірден майдан тынысын сезеді. Сөрелерде тұрған қару-жарақтар соғыстың суық шындығын айна-қатесіз бейнелейтіндей. Барабанды оқжатарымен ерекшеленетін ППШ үлгісіндегі автоматтар, ұзын ұңғылы мылтықтар, диск тәрізді оқжатарлар мен оқ-дәрі салынған қапшықтар сарбаздардың күнделікті серігі болған дүниелер екенін айғақтайды.
– Мұражай қорындағы жәдігерлердің басым бөлігі Кеңес кезеңінде жинақталса, кейінгі жылдары майдангерлердің ұрпақтары табыстаған құнды заттармен толыққан. Бүгінде мұнда 1500-ге жуық жәдігер сақтаулы. Олардың қатарында соғысқа дейін де, соғыс кезінде де қолданылған сирек қару түрі – «Шпаген» пулеметі де бар, – дейді музейдің бас қор сақтаушысы Қарлығаш Тұтқабаева.
Экспозицияның келесі бөлігінде сарбаздардың жеке тұрмыс-тіршілігіне қатысты заттар қойылған. Погондар, әскери белбеулер, теріден тігілген дорбалар, құжат салатын қапшықтар, бәрі де сол кезеңнің тынысын сездіреді. Әсіресе, қойындәптерлер, шағын металл қорапшалар, жазу құралдары сияқты жеке бұйымдар зер сала қараған жанға ерекше әсер қалдырады.
Қарапайым тұрмыстық заттардың өзі бұл жерде айрықша мәнге ие. Алюминийден жасалған қасық, шанышқы, кружка, қазан, фляг секілді бұйымдар солдат өмірінің ажырамас бөлігі болған.
Жалпы, музей мен оның филиалдарында Екінші дүниежүзілік соғысына қатысты 1175 жәдігер жинақталған. Олардың ішінде архивтік құжаттар, фотоматериалдар, марапаттар, әскери киімдер мен соғыс даласынан табылған қару-жарақ түрлері бар. Сонымен қатар, І дәрежелі Даңқ орденінің толық иегері Темірғали Исабаевқа, Қызыл Жұлдыз орденінің иегері Тәңірберген Қалилахановқа, ардагер Біләл Сатыбалдиновқа және тыл еңбеккерлеріне қатысты материалдар да сақталған.
– Осы жәдігерлердің арасында тағдырымен де, еңбегімен де ерекшеленетін тұлғалардың бірі – Тәңірберген Қалилаханов. 1916 жылы Ақсу өңірінде дүниеге келген ол соғысқа қатысып, артиллерия бөлімінде қызмет еткен. Музей қорында оның киген костюмі, марапаттары, құжаттары, соғыс кезінде қолданған ұстарасы, тапанша қорабы, белдігі мен сөмкесі сақтаулы. Соғыстан кейін ол ұлт руханиятына қызмет етіп, халық театрының дамуына үлес қосқан, журналист, зерттеуші әрі өлкетанушы ретінде танылған. Сондай-ақ, Ақын Сара мұрасын алғаш танытушылардың бірі ретінде де белгілі, – дейді облыстық М. Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің редакторы Қалқаман Абдрахманұлы.
Мұражайдың салмақты бөлігінің бірі – ірі калибрлі қару-жарақтар мен жарылғыш заттардың қалдықтары. Артиллериялық снарядтар, миномет миналары, қол гранаталары мен олардың бөлшектері соғыс даласының нақты көрінісін көз алдыңа әкеледі. Ал сарбаздардың хаттары мен жеке жазбалары сол дәуірдің ең шынайы, ең құнды құжаттары ретінде бағалы.
Бұл музейдегі әрбір жәдігер тұтас дәуірдің айнасы. Уақыт алыстаған сайын осындай мұралардың қадірі арта түсетіні анық.
Медет ЖҰМАБАЙ







