Жетісулық кәсіпкер Алексей Ким шұжық түрлерін өндірумен 20 жылдан аса уақыт айналысып келеді.
Тәжірибелі кәсіпкердің ісі бүгінде тұрақты даму үстінде. «Жетісу шұжықтары» брендімен шығарылатын дәмді өнім қазір көпке танымал. Компания құрылған сәттен бастап ол өзін Жетісу, Алматы облыстары мен Алматы қаласы нарығында ет өнімдерінің сенімді өндірушісі ретінде таныта білді. Өндірісте негізінен шикізаттың сапасы мен технологиясының сақталуына айрықша назар аударылады.
Тек табиғи және экологиялық таза шикізат, жеткізілімдерді қатаң бақылау – тұтынушылардың сенімін арттыруда. Өндірістің бастауы Ескелді ауданы Бақтыбай ауылынан өрбіген. Кейіннен өндірістік қуатты ұлғайту, жаңғырту және кеңейту мақсатында кәсіпорын Талдықорған қаласына көшірілді. Цехты жаңғырту мақсатында кәсіпкер «Forte Bank» АҚ-ға жүгінді.
Жобаны «Даму» қоры кепілдік беру қоры шеңберінде қолдады. Бүгінгі таңда «Жетісу шұжықтары» брендімен 30-дан аса өнім шығарылады. Өндірістік қуаттылық тәулігіне 3 тоннадан аса дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді. Бұл кәсіпорынды өңірдің ет өңдеу саласының көшбасшыларының біріне айналдырды.
Компания жергілікті фермерлерден ет сатып алады. Бұл шикізаттың жоғары сапасына кепілдік береді. Құс тексерілген жеткізушілерден – құс өсіру мен азықтандыруды қатаң бақылайтын танымал «Alel» және «Аққұс» компанияларынан алынады.
Қазіргі таңда шұжықтар талай тұтынушының сеніміне ие. Компания жетекшілігі алдағы кезде одан әрі дамуды, еттен сапалы өнім шығаруды басты міндет санайды.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





