Қарапайым халық үшін күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарлары бағасының барынша қолжетімді болғаны тиімді.
Бұл жағдайды жергілікті атқарушы билік те сауда орындарындағы бағаның қалыпты деңгейден тым ауытқымауын тұрақты бақылауға алған. Десек те, бұған бой беретін құн жоқ.
Аудан аумағында соңғы жылдары қыс маусымында көкөніс пен жеміс түрлерін және картоп сақтайтын қоймалар көбеюде. Қыс кезінде аталған өнімдер бағасын күздегі қалпында ұстап тұру үшін 8 қоймада 1мың тонна картоп, 9 жеміс сақтау орындарында 200 тонна алма және 13 жертөледе 1,5 мың тоннадан аса көкөніс түрлері сақталып, аудан орталығы мен ауылдардағы сауда орындарында саудалануда.
Алайда, доллар қымбаттады деген желеумен саудагерлер көкөніс пен жеміс-жидек, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын күзден бастап көтере бастады. Әлемдік валюта құбылысының ауыл шаруашылығы өнімдеріне тигізер ықпалы шамалы. Өйткені, шет мемлекеттерден жеткізілетін өнімдерге қарағанда, жергілікті диқандар өсірген жемістер мен көкөністердің көлемі артып келеді. Былтыр қыста Жаркент өңірінде картоп бағасы шамамен 100 теңге, алма 300-400 теңгеден сатылса, биыл бұл өнімдер тиісінше 200-300, 500-600 теңгеден өтуде. Әсіресе, көктемде базар бағасы айтарлықтай құбыла түседі.
Осыны тұрақтандыру мәселесін аудан әкімі жанынан құрылған арнайы комиссия тұрақты түрде мониторинг жасап, қадағалап отыр. Олар апта сайын базарлардағы әлеуметтік тауарлар құнына сараптама жасап, тұрақтандыруға қосымша шаралар ұйымдастырады. Бірақ, шет елдерден әкелінбейтін жергілікті азық-түлік өнімдерінің бағасын қалыпты ұстауды қадағалау маңызды. Жаркент базарындағы азық-түлік өнімдерінің бағасы қаншалықты қолжетімді болса, сауда айналымы да соншалықты артатынын білген жөн.
Мырзағали Нұрсейіт





