Қазақстанда азаматтардың несие алуына қатысты жаңа шектеулер енгізу ұсынылды. Енді банктер қарыз алушының ай сайынғы төлем қабілетін ғана емес, барлық берешегінің жалпы көлемін де есепке алуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық банктің жаңа қаулы жобасында айтылған, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Құжат 20 мамыр күні жарияланды. Егер бастама қабылданса, жаңа талаптар 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Ұсынылып отырған негізгі өзгерістердің бірі – қарыздың табысқа қатынасы коэффициентін (ҚТҚК) енгізу. Яғни, азаматтың барлық несиесінің жиынтық көлемі оның ресми жылдық табысынан сегіз еседен аспауы тиіс.
Мәселен, адамның ай сайынғы ресми табысы 500 мың теңге болса, бір жылдағы кірісі шамамен 6 миллион теңгені құрайды. Мұндай жағдайда қарыздың шекті мөлшері 48 миллион теңгеден аспауы керек.
Жаңа жүйе бойынша банктер тек жаңа алынатын несиені емес, қарыз алушының бұрыннан бар барлық міндеттемесін ескереді. Олардың қатарына:
– ипотекалық несие;
– автонесие;
– тұтынушылық қарыз;
– бөліп төлеу;
– микроқаржы ұйымдарындағы берешек;
– мерзімі өткен қарыздар кіреді.
Сондай-ақ, есептеу кезінде бастапқы несие сомасы емес, өтелмей қалған нақты берешек көлемі назарға алынады.
Мысалы, азаматтың:
– автонесие бойынша 15 миллион теңге;
– тұтынушылық несие бойынша 5 миллион теңге;
– бөліп төлеу арқылы 350 мың теңге қарызы болса, оның жалпы берешегі 20,35 миллион теңгені құрайды. Мұндай жағдайда банк жаңа қарызды тек белгіленген лимит аясында ғана мақұлдай алады.
Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, бұл өзгерістер халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алуға бағытталған. Сондай-ақ әзірге ипотека немесе автонесие үшін бөлек шектеу енгізу жоспарланып отырған жоқ. Белгіленетін талап барлық несие түріне бірдей қолданылады.
Соңғы жылдары Қазақстанда тұтынушылық несиенің көлемі айтарлықтай өсті. Ұлттық банк дерегіне сәйкес, елдегі бөлшек несие портфелі жыл сайын ұлғайып келеді. Сарапшылар мұндай жағдайда азаматтардың қаржылық тұрақтылығын сақтау үшін қарыз жүктемесін бақылау маңызды екенін айтады.





