2026 жылы қазақстандықтар үшін визасыз сапарлайтын елдердің тізімі кеңейе түсті. Соңғы екі жылда Қазақстан бірнеше мемлекетпен жаңа келісімдер жасап, бірқатар бағыт бойынша кіру шарттарын жаңартты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Биылғы басты жаңалықтардың бірі – Мароккомен визасыз режимнің іске қосылуы. Қазақстан мен Марокко арасындағы келісім 2025 жылғы 19 наурызда күшіне енген. Құжат 2026 жылы да өз күшінде қалады.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, екі ел азаматтары әр алты ай сайын екінші мемлекеттің аумағында 30 күнге дейін визасыз бола алады. Осылайша қазақстандықтар Марракеш, Касабланка, Фес секілді танымал қалаларға визасыз сапарлай алады.
Оман да визасыз режим шарттарын жеңілдетті. Бұған дейін қазақстандықтар бұл елде 14 күн ғана бола алса, енді мерзім 30 күнге дейін ұзартылды.
– Оман Сұлтанатының Сыртқы істер министрлігі ұлттық паспорттары бар Қазақстан азаматтары үшін визасыз режим мерзімін ұзартқанын хабарлады. Енді Қазақстан азаматтары Оман аумағында 30 күнге дейін бола алады, – деп мәлімдеді СІМ.
Алайда визасыз режим жұмыс істеуге, оқуға немесе тұрақты тұруға рұқсат бермейді.
Сонымен қатар Қазақстан мен Армения азаматтардың болу тәртібіне қатысты жаңа ережелерді келісіп отыр. Енді екі ел азаматтары 90 күнге дейін визасыз сапарлай алады. Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің айтуынша, 30 күннен ұзақ уақыт болатын азаматтар міндетті түрде тіркеуге тұруы қажет.
Қазіргі таңда Қазақстан Түрікменстанмен де визасыз режим енгізу мәселесін талқылап жатыр.
2026 жылы қазақстандықтар бара алатын визасыз елдер бірнеше санатқа бөлінеді.
14 күнге дейін визасыз
Қазақстан азаматтары Гонконгқа, Иранға және Макаоға екі аптаға дейін визасыз бара алады.
30 күнге дейін визасыз
Бұл – ең ауқымды санат. Қазақстандықтар бір айға дейін келесі елдерде визасыз бола алады:
– Аргентина
– Бразилия
– Вьетнам
– Катар
– Қытай
– Малайзия
– Мальдив аралдары
– Марокко
– Никарагуа
– БАӘ
– Оман
– Сейшель аралдары
– Сербия
– Таиланд
– Филиппин
– Черногория (2026 жылғы 1 мамыр – 1 қазан аралығы)
– Эквадор
– Оңтүстік Корея
Малайзияға бару үшін электронды көші-қон картасы MDAC толтыру қажет. Ал Оңтүстік Кореяға кіру үшін K-ETA электронды рұқсат жүйесі қолданылады.
Сондай-ақ Барбадоста 28 күнге дейін визасыз болуға мүмкіндік бар.
60 күнге дейін визасыз
Қазіргі таңда қазақстандықтар 60 күнге дейін тек Доминикан Республикасында визасыз бола алады. Бұл режим тек туристік мақсаттағы сапарларға арналған.
90 күнге дейін визасыз
Үш айға дейін визасыз баруға болатын елдер тізімінде:
– Әзербайжан
– Албания
– Андорра
– Армения
– Беларусь
– Грузия
– Колумбия
– Қырғызстан
– Молдова
– Моңғолия
– Ресей
– Сан-Марино
– Сент-Китс және Невис
– Сент-Винсент және Гренадиндер
– Тәжікстан
– Тунис
– Түркия
– Өзбекстан
– Украина
Түркияда болу мерзімі 180 күн ішінде 90 күннен аспауы тиіс.
Ал Ресей 2026 жылғы 1 шілдеден бастап RUID электронды кіру рұқсаты жүйесін енгізеді.
Кейбір елдерде ұзақ уақыт болған жағдайда көші-қон органдарында тіркелу міндеттеледі. Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Өзбекстан және Арменияда 30 күннен кейін тіркеуге тұру қажет.
Бұдан бөлек, кейбір мемлекеттерде визаны алдын ала рәсімдеудің қажеті жоқ. Замбия, Индонезия және Маврикийде виза әуежайда беріледі.
Мамандар сапар алдында паспорттың жарамдылық мерзімін, бос беттердің бар-жоғын және қабылдаушы елдің талаптарын алдын ала тексеруге кеңес береді. Көп жағдайда елдер кері қайту билетін, қонақүй бронін немесе жеткілікті қаржының барын сұратуы мүмкін.
Сондай-ақ көші-қон талаптарын бұзбау маңызды. Белгіленген мерзімнен артық болу айыппұл салуға немесе елге қайта кіруге шектеу қоюға себеп болуы мүмкін.





