Облыстық тәртіп сақшылары кәсіби қызметте ғана емес, халықаралық спорт аренасында да жоғары нәтижеге қол жеткізе алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Облыстық полиция департаментінің басшылығы джиу-джитсудан Түркияның Анталия қаласында өткен халықаралық чемпионаттан оралған спортшыларды құрметпен қарсы алды.
Байрақты бәсекеде әлемнің 25 елінен 350-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Осындай бәсекеге қарамастан облыс полицейлері кәсіби шеберлік пен мықты рухтың үлгісін көрсетті. 94 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен Дәурен Ауданбаев чемпион атанып, алтын медаль иеленді. Ал 85 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Шерхан Жақсылық күміс жүлдеге қол жеткізді. Салтанатты шарада облыстық полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсайынов әріптестеріне алғаусыз алғыс білдіріп, ілтипат көрсетті.
– Өңір құқық қорғаушылары күн сайын өздерінің қызметке адалдығын дәлелдеп келеді. Бұл жолы олар қайсарлық пен төзімділіктің, жеңіске деген ұмтылыстың жарқын үлгісін көрсетті. Бұл жетістіктер – тек полиция департаментінің ғана емес, бүкіл өңірдің мақтанышы, – деді Сарқытбай Құсайынов.
Полицейлердің бұл жеңісі тәртіп пен табандылықтың, үздіксіз еңбектің арқасында қызметте де, спортта да биік белестерді бағындыруға болатынын көрсетті.
Дастанбек САДЫҚ





