Туған жердің табиғатын аялау мен жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру қашанда маңызды. Осы ретте өңірдегі мектеп бітіруші түлектердің қатысуымен кең ауқымды ағаш және гүл отырғызу акциясы өтті. Талдықорған қаласындағы №8 және №18 мектептерде ұйымдастырылған тағылымды шараға облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев қатысып, жастармен бірге игі істің басы-қасында жүрді.
Облыс бойынша мектеп бітіруші түлектердің қатысуымен өткен ағаш және гүл отырғызу акциясы жас буынның туған жерге деген жанашырлығын арттырып, қоршаған ортаны қорғаудың жауапкершілігін терең сезіндіруге бағытталды. Шара барысында мектеп ауласы ерекше мерекелік көңіл-күйге бөленді. Әсем әуен орындалып, білімгерлер мың бұрала би билеп, өнерлерін ортаға салды. Бастауыш сынып оқушылары түрлі түсті бормен асфальтқа табиғат тақырыбындағы суреттер салып, бала қиялының мөлдір әлемін паш етті. Ал жоғары сынып оқушылары қылқаламмен көркем туындылар жасап, туған өлкенің табиғатын бейнелеуге талпынды. Бірі гүлдің нәзіктігін бедерлесе, енді бірі жасыл желектің адам өміріндегі маңызын сурет арқылы жеткізуге тырысты.
Бұл күнгі шараның ерекшелігі – оның тек ресми сипатта шектеліп қалмағанында. Игі бастама еркін форматтағы мазмұнды кездесуге ұласып, жастар мен ел ағаларының ашық пікір алмасуына мүмкіндік берді. Түлектер облыс әкімінің орынбасарымен емен-жарқын әңгімелесіп, көкейлеріндегі сауалдарын қойды. Жастардың болашақ мамандық, өмірлік бағыт, білім мен еңбек жайлы сұрақтарына Марлен Қапашұлы кеңінен тоқталып, өзінің өмірлік тәжірибесінен мысалдар келтіре отырып жауап берді. Ол мамандық таңдауда жүрек қалауымен қатар жауапкершіліктің де маңызды екенін айтып, әр жас өз қабілетін дұрыс танып, қоғамға пайдасын тигізетін жолды таңдауы қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, кітап оқудың маңызына тоқталып, оқушыларға түрлі кітаптар сыйға тартты. Бұл жастардың рухани дүниесін байытуға бағытталған тағылымды тарту болды.
Табиғатты қорғау тақырыбы да кездесудің негізгі арқауына айналды. Қоршаған ортаны аялау – экологтардың ғана емес, әр азаматтың міндеті екені жиын барысында айтылды. «Бүгін отырғызылған әрбір көшет – ертеңгі ұрпаққа қалатын аманат» деген мазмұнды ойлар жастарға үлкен әсер қалдырды.
Шара соңында мектеп түлектері өз қолдарымен отырғызған ағаштарды суретке түсіріп, естелік сәттерін бөлісті. Көпшілік бұл бастаманы туған жерге деген сүйіспеншілікті дәріптейтін тәрбиелік мәні зор дәстүр ретінде қабылдады. Жас ұрпақтың жүрегіне мейірім мен жауапкершілік дәнін еккен тағылымды күн санадан еш өшпесі анық.
Медет ЖҰМАБАЙ





