«AMANAT» партиясының республикалық «Кітап – AMANAT» жобасы аясында Көксу аудандық кітапханасында «Көксуым – жұмақ мекенім» атты тағылымды кездесу кеші өтті. Туған жер тарихын танытуға, ұлттық руханиятты насихаттауға арналған мазмұнды шара көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Кештің қадірлі қонағы Қажет Андастың туған өлкенің тарихын түгендеп, ел жадындағы елеулі деректерді жинақтап жүрген еңбегі көпшілікке кеңінен таныстырылды.
Іс-шара шымылдығын Көксу ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Азамат Қисметов ашып, Қажет Андастың өлкетану саласындағы еңбегіне жоғары баға берді. Ол туған жер тарихын зерттеу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, кейінгі ұрпаққа рухани мұра қалдыру жолындағы мұндай еңбектердің маңызы зор екенін атап өтіп, қаламгерге шығармашылық табыс, зор денсаулық тіледі.
Кездесу барысында Қажет Андас «Жетісу өлкетанушылары орталығы» қоғамдық бірлестігі мүшелерінің баспадан жарық көрген және электронды кітап қорына енгізілген еңбектерін таныстырды. Сонымен қатар, «Q-Andas» ақпарат агенттігі ресми сайтының жұмысы оның ақпараттық-танымдық бағыты мен өлке тарихын насихаттаудағы маңызы туралы кеңінен әңгімеледі.
Шара аясында «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы ұйымдастырылып, Қажет Андас аудандық кітапхана қорына өз туындыларын тарту етті. Бұл кітапсүйер қауым мен жас оқырмандар үшін бағалы рухани тарту болды. Әсіресе, автордың «Айналайын Атамекен» және «Шалғай ауыл шырағы» атты еңбектері туған жер тарихы мен Көксу өңірінің шежіресін қамтыған құнды еңбектер ретінде таныстырылды.
Қаламгер Көксу ауданы Мұқаншы ауылдық округінің әкімі Мұхит Сатымбайұлына және Қабылиса ауылдық округінің әкімі Еркін Бейсеновке «Шалғай ауыл шырағы» кітабын сыйға тартты. Аталған еңбекке Көксу ауданының осы екі ауылының тарихы, елді мекендердің өткені, тағылымды тұлғалары мен ел жадында сақталған деректер енгені айтылды. Ауыл шежіресін жинақтап, оны ұрпаққа жеткізу жолындағы мұндай еңбектің мәні ерекше екенін атап өтті.
Кеш барысында Жұмабала Балакаранова, Ырысхан Дүзелқызы сөз сөйлеп, кездесудің тағылымдық маңызына тоқталды. Көксу өңірінен шыққан ақындар Фатих Ақынұлы мен Зирагүл Нұрданбек туған жерге арналған жырларын оқып, кештің рухани мазмұнын байыта түсті. Олардың өмір жолы мен шығармашылығы туралы деректер «Айналайын Атамекен» кітабына енгені айтылып, аталған еңбек өңір әдебиеті мен рухани мұрасын дәріптейтін құнды туынды ретінде бағаланды.
Шара соңында Көксу аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, кештің сәнін кіргізді. «Көксуым – жұмақ мекенім» атты тағылымды кездесу туған жердің шежіресін дәріптеп, ұлттық құндылықтар мен өлке тарихын насихаттаған мазмұнды рухани кеш ретінде көпшілік жадында қалды.
Ынтымақ Сұңқар,
Көксу аудандық кітапхананың кітапханашысы





