Еліміздің барлық мектебінде соңғы қоңырау соғылып, 2025–2026 оқу жылы ресми түрде қорытындыланды. Биыл Қазақстан бойынша 3,9 миллионнан астам оқушы оқу жылын тәмамдаса, олардың 215 мыңнан астамы мектеппен қоштасқалы отырған 11-сынып түлектері, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл 9-сыныпты үздік аяқтауға 31 мыңнан астам оқушы үміткер болса, 11-сынып бойынша бұл көрсеткіш 18 мыңға жуықтаған. Қазіргі таңда республика мектептерінде 420 мыңнан аса педагог еңбек етіп келеді.
Оқу жылының аяқталуына орай 25 мамыр күні барлық білім ордаларында «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бүгінде 217 заманауи білім беру мекемесі пайдалануға берілген. Оның 84-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Қазіргі уақытта аталған мектептерде 220 мыңнан астам бала білім алып, 16 мыңға жуық мұғалім қызмет атқарып жатыр.
Бұл жоба өңірлердегі білім беру инфрақұрылымын жаңғыртып қана қоймай, ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде бағалануда.
Биыл мектеп бітіру салтанаттарын өткізу тәртібіне қатысты талаптар күшейтілді. Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен шешіміне сәйкес, түлектерге арналған кештерді мейрамхана, дәмхана, банкет залы, демалыс орны немесе табиғат аясында ұйымдастыруға тыйым салынды.
Министрлік мәліметінше, аттестат пен диплом табыстау рәсімдері тек білім беру ұйымдарының қабырғасында өткізілуі тиіс. Сондай-ақ ата-аналардан ақша жинауға, мұғалімдерге сыйлық жасауға немесе өзге де материалдық шығындарды талап етуге жол берілмейді.
Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржан Қайырбаеваның айтуынша, мұндай шектеулер ең алдымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
– Бұл талаптар ата-аналарға түсетін қаржылық салмақты азайтып, оқушылар арасындағы әлеуметтік теңдікті сақтауға мүмкіндік береді, – деді ол.
Сондай-ақ, мектеп бітіру кештері кезінде дастарқан жаюға, көлік шеруін өткізуге, аниматорлар мен мерекелік агенттіктерді тартуға да рұқсат берілмейді. Білім басқармасы түлектерге мектеп үлгісіндегі киім киюді ұсынды.
2025-2026 оқу жылындағы қорытынды емтихандардың нақты кестесі де жарияланды.
9-сынып оқушылары үшін қорытынды сынақтар 29 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді. Олар төрт міндетті пән бойынша жазбаша емтихан тапсырады.
Ал 11-сынып түлектерінің мемлекеттік емтихандары 2-15 маусым аралығына жоспарланған. Бітірушілер бес пәннен сынақ тапсырады, оның бірі ауызша форматта ұйымдастырылады.
Негізгі және жалпы орта білім туралы аттестаттарды табыстау рәсімі 17-18 маусым күндері мектеп қабырғасында өтеді.
2026 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініш қабылдау сәуір айында аяқталды. Тестілеу 10 мамырда басталып, 10 шілдеге дейін жалғасады. Биыл талапкерлерге тесті екі рет тапсырып, ең жоғары нәтижемен грант байқауына қатысу мүмкіндігі берілген.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжановтың мәліметінше, биыл да ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы «Математика-Физика». Бұл бағытты талапкерлердің 17,9 пайызы таңдаған. Аталған көрсеткіш техникалық және инженерлік мамандықтарға қызығушылықтың жоғары екенін аңғартады.
Танымал бағыттардың қатарында «Биология-Химия» комбинациясы 14,5 пайыз, ал шығармашылық емтиханды таңдағандар үлесі 12,4 пайызды құрады.
ҰБТ құрылымында өзгеріс жоқ. Талапкерлер үш міндетті және екі бейіндік пән тапсырады. Жалпы тапсырма саны – 120. Оның ішінде:
- «Қазақстан тарихы» пәнінен – 20 сұрақ;
- «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылықтан» –10 тапсырмадан;
- екі бейіндік пәннің әрқайсысынан – 40 сұрақтан беріледі.
Ең жоғары нәтиже – 140 балл. Тестілеуге 4 сағат уақыт бөлінеді. Ерекше білім беру қажеттілігі бар талапкерлер үшін қосымша 40 минут қарастырылған.
Сонымен бірге емтихан кезінде калькуляторды, химиялық элементтердің периодтық жүйесін және тұздардың ерігіштік кестесін қолдануға рұқсат етіледі. Бұл материалдардың қағаз нұсқалары да талапкерлерге ұсынылады.
Шекті балл деңгейі өзгеріссіз қалды. Атап айтқанда:
- ұлттық жоғары оқу орындарына – 65 балл;
- өзге университеттерге – 50 балл;
- «Педагогикалық ғылымдар» бағытына – 75 балл;
- «Денсаулық сақтау» саласына – 70 балл;
- «Құқық» мамандығына – 75 балл белгіленген.





