ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінде әскери қызметшілердің рухани-мәдени дамуына бағытталған бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шаралар жас сарбаздардың шығармашылық қабілетін шыңдап, мемлекеттік тілді насихаттау мен әскери ұжымдағы бірлікті нығайтуға арналды.
Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасында жас сарбаздардың қатысуымен Көңілді тапқырлар клубы сайысы өтті. Іс-шара сарбаздардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту және ұжымдық ауызбіршілікті арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Сайыс барысында қатысушылар әзіл мен тапқырлыққа толы көріністер қойып, сахналық шеберліктерін көрсетті. Жас сарбаздар өз өнерлері арқылы көрермендердің көңілінен шығып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шара соңында белсенді қатысушыларға алғыс айтылып, әскери ортадағы достық пен ынтымақтың маңызы ерекше аталып өтті.
Сондай-ақ, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің «Қорғас» шекаралық бақылау басқармасының әскери қызметшісі, қатардағы жауынгер Суньят Садыров Жетісу облысының ішкі саясат басқармасына қарасты «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл – ел тірегі» атты облыстық байқауда жүлделі III орынды иеленді.
Байқау мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдері арасында өтіп, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мен оны насихаттауға бағытталды. Суньят Садыровтың жетістігі мемлекеттік тілге деген құрметтің, сондай-ақ тіл мәдениетін дамытуға қосқан үлестің айқын көрінісі болды.
Тағы бір айта кетерлігі, Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасының «Жалаңашкөл», «Айдала», «Сарыбөктер» шекара бөлімшелерінде Әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен «Ел күзеткен ерлерге тағзым» атты концерттік бағдарлама өтті.
Іс-шара әскери қызметшілерге құрмет көрсету, олардың ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегін дәріптеу және мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында ұйымдастырылды. Концерт барысында патриоттық әндер шырқалып, көркем қойылымдар ұсынылды. Әскери қызметшілер мен қонақтар рухани әсер алып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Аталған шаралар шекарашылардың әскери қызметпен қатар рухани-мәдени бағыттағы белсенділігін көрсетіп, жас сарбаздардың бойында патриоттық рухты, бірлік пен елге деген құрметті нығайта түсті.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті





