Талдықорған қаласында Жетісу облыстық әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен республикалық «Арнайы білім беру ұйымының үздік педагогі» конкурсының облыстық кезеңі өтті. Байқауға арнайы мектептер, балабақшалар, ППТК, ОПМПК және оңалту орталықтарының үздік мамандары қатысты.
Әдіскер Раушан Елубаеваның айтуынша, конкурс ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға, тәжірибе алмасуға және үздік әдістемелерді насихаттауға бағытталған.
– Бұл байқау арнайы педагогтердің еңбегін бағалап қана қоймай, олардың шығармашылық ізденісіне серпін береді. Қатысушылар жоғары деңгейдегі кәсіби дайындықтарын көрсетті, – деді Раушан Елубаева.
Байқау қорытындысы бойынша бірнеше номинацияда жеңімпаздар анықталып, І орын иегерлері республикалық кезеңге жолдама алды. Қазылар алқасы қатысушылардың электрондық портфолиоларын, авторлық бағдарламаларын және ашық сабақтарын бағалады.
Ұйымдастырушылар мұндай кәсіби байқаулар арнайы білім беру саласындағы үздік тәжірибелерді кеңінен таратуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





