Мамыр айының мамыражай күндерімен бірге мектеп ауласын ерекше көңіл-күй тербейді. Ағаштар бүр жарып, айнала құлпыра түскен шақта білім ордаларында жүрекке жылы, көңілге қимас бір мезет туады. Ол – Соңғы қоңырау салтанаты. Талдықорғандағы №20 мамандандырылған лицей қабырғасында да соңғы қоңырау сыңғырлап өтті.
Мектеп алаңына жиналған ұстаздар, ата-аналар, оқушылар мен қонақтар сәні мен салтанаты жарасқан мерекенің куәсі болды. Биыл лицейде 415 оқушы білім алса, оның 51-і алтын ұясымен қоштасқан түлек. Олардың қатарында 7 Алтын белгі және 7 үздік аттестат иегері бар. Бір қазақ және бір орыс сыныбынан түлеп ұшқан дарынды жастардың әрқайсысы – лицей мақтанышы.
Салтанатты жиында 11 «А» және 11 «Б» сыныптарының жетекшілері ерекше құрметпен таныстырылды. Ұстаздық жолын шәкірт жетістігімен өрнектеген педагогтерге ата-аналар мен оқушылар ризашылық білдірді. Әсем әуенмен қол ұстасып шыққан түлектердің жүзі қуаныш пен қимастыққа толы болды.
Мемлекеттік Гимн шырқалғаннан кейін лицей директоры Ермек Немеребаев сөз сөйлеп, шәкірттерге ізгі тілегін арнады. Ол лицейдің 35 жылдық тарихында талай білім бәйгесінде топ жарып, республикалық деңгейдегі үздік олимпиадалық мектептердің қатарынан көрініп келе жатқанын атап өтті.
Мерекелік шара барысында халық- аралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары марапатталып, білім мен ғылым жолында биік белеске көтерілген оқушыларға құрмет көрсетілді.
Кеш көркін 8 «Б» сыныбы орындауындағы қазақ биі аша түсті. Ал түлектердің жүрекжарды сөздері жиналған көпшілікті ерекше толқытты. Олар лицейдің өздеріне тек білім ғана емес, өмірлік бағыт, сенім мен достық сыйлағанын тебірене жеткізді.
Мерекенің әсерлі сәттерінің бірі – «Білім кілтін» табыстау рәсімі болды. Республикалық олимпиадалардың жүлдегері, «Ең үздік оқушы – 2026» номинациясының иегері Саидахон Шербоева лицей дәстүрінің символына айналған кілтті жас буын өкіліне табыстап, мектеп рухының сабақтастығын көрсетті.
Күмбірлеген күй мен әсем әуен аясында орындалған вальс кештің сәнін кіргізіп, балалық шақпен қоштасқан түлектердің соңғы биіне ұласты. Ата-аналардың ақ тілегі мен ұстаздардың батасы жүректерге жылылық сыйлады.
Салтанатты шараның ең толқулы тұсы – соңғы қоңырау үні болды. 11-сынып түлектері мен 5-сынып оқушылары сыңғырлаған қоңырауды бірге соғып, үлкен өмірге қадам басты. Бұл балалықтың артта қалып, жаңа арман мен жаңа белестің басталғанын білдіретін ерекше сәттей көрінді.
Осылайша, №20 мамандандырылған лицей тағы бір түлектер легін үлкен өмірге қанаттандырды. Жас түлектердің болашағы жарқын, арманы асқақ болғай!
Медет ЖҰМАБАЙ





