Жетісу облысында балалардың жазғы демалысы мен сауықтыру маусымына дайындық жұмыстары толық аяқталды. Облыстағы 10 жазғы сауықтыру орталығының барлығы маусымды бастауға әзір. Биыл 1-10 сынып аралығындағы 117 мыңға жуық оқушыны жазғы демалыспен және сауықтыру шараларымен қамту жоспарланған, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жетісу облысының білім басқармасының берген ақпаратынша биыл жоспарға сәйкес, балалардың 106 427-сі мектеп жанындағы 299 алаңда, ал 10 350-і қала сыртындағы арнайы орталықтарда демалады. Балалар демалысын ұйымдастыруда әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөлінген. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға жататын отбасылардан шыққан 6500-ге жуық баланың демалысы жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Бұдан бөлек, «Балдәурен» республикалық орталығына – 201 бала, кәсіподақтар есебінен – 955 бала, ал демеушілер мен ата-аналардың қолдауымен 2700 бала жазғы лагерьлерге жолдама алады.
Қала сыртындағы орталықтар маусымның 1-і мен 15-і аралығында кезең-кезеңімен ашыла бастайды. Ал мектеп жанындағы лагерьлер 8 маусымнан бастап толықтай іске кіріседі.
Облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісовтің мәлімдеуінше, 1 маусымда «Көктөбе», «Алтын Чажа», «Эдельвейс» және «Қарлығаш» орталықтары есігін айқара ашады. Артынша, 10 маусымда «Бастау», «Жыланды этно кэмп» және «Айналайын» лагерьлері жұмысын бастайды. Ал Алакөл жағалауында орналасқан «Жалын», «Шағала» және «Жансая» сауықтыру орталықтары шомылу маусымының ресми ашылуына байланысты 15 маусымнан бастап балаларды қабылдайды.
Балалардың қауіпсіздігі мен демалысын тиімді үйлестіру мақсатында өңірде 11 арнайы штаб құрылып, олар жаз бойы үздіксіз жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, жергілікті бюджет қаражаты есебінен 40 мыңға жуық оқушыға облыстың көрікті жерлеріне, ұлттық саябақтар мен танымдық музейлерге, сондай-ақ Алакөл, Балқаш және Қапшағай көлдеріне экскурсиялық-танымдық саяхаттар ұйымдастыру жоспарланған.





