Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде «Жоңғар-Алатауы МҰЕП аумағын 2026-2030 жылдарға ғылыми зерттеу жобасы» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға Жетісу өлкетанушылар орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, өлкетанушы-журналист Қажет Андас пен «Жоңғар-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ғылым бөлімінің басшысы Жанар Нұрғожанова қатысып, алдағы ауқымды зерттеу жұмыстарының мән-маңызы жөнінде әңгімеледі.
Баспасөз мәслихатында көтерілген негізгі мәселе – Жоңғар Алатауы аумағындағы табиғи, археологиялық және тарихи-рухани мұраларды кешенді түрде зерттеу. Спикерлердің айтуынша, бұл бастама өңірдің табиғи байлығын танытумен шектелмейді. Жоба адамзат өркениетінің көне ізін жүйелеп, ғылыми айналымға енгізуге бағытталған.
Қажет Андастың сөзінше, Жетісу өңірі табиғат пен тарих қабаттаса өрілген ерекше кеңістік саналады. Әр шатқал мен өзен аңғары, әрбір жартас бедері мен көне қорған ғасырлар қойнауынан жеткен шежіре іспетті.
– Жетісу жері тек көркем табиғатымен дараланбайды. Бұл – тарихи жады терең сақталған қасиетті мекен. Көне көш жолдары, қоныстар, тасқа қашалған бейнелер, ескі қорымдар мен халық киелі санаған орындар әлі толық зерттеліп болған жоқ. Сондықтан осы мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеу – уақыт күттірмейтін міндет, – деді ол.
Жоба аясында ұлттық паркке қарасты Сарқан филиалының Аманбөктер орманшаруашылығы аумағы қамтылмақ. Зерттеу кеңістігі Үлкен Айдау мен Сарқан өзендерінің салаларын бойлай орналасқан шатқалдар жүйесін түгелге жуық қамтиды. Мамандар бұл аумақта табиғи байлықпен қатар тарихи қабаттардың мол сақталғанын айтады. Мұнда көне жайлау мәдениетінің белгілері, ежелгі көш сүрлеулері, қорғандар, петроглифтер, мазарлар мен халық жадында сақталған киелі орындар кездеседі. Алайда олардың басым бөлігі нақты картаға түсірілмеген әрі ғылыми жүйеге толық енгізілмеген.
Жоспарланған ғылыми жұмыстың басты мақсаты – табиғи және тарихи-мәдени мұра нысандарын анықтап, сипаттама беру, картографиялау және оларды сақтаудың тиімді тетіктерін ұсыну. Бұл ретте бастама тек археологиялық не экологиялық зерттеу шеңберімен шектелмейді. Керісінше, табиғат пен тарихты, рухани мұра мен халықтық жадты тұтас қарастыратын кешенді ғылыми еңбекке айналмақ.
Зерттеу бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі. Алғашқы кезеңде табиғи-географиялық нысандар зерделенеді. Құздар, асулар, өзен-көлдер, сарқырамалар, арасандар мен ежелгі өткелдердің тарихи және табиғи ерекшеліктері сараланады. Себебі көне қоныстар мен көш жолдарының қалыптасуы табиғи кеңістікпен тікелей сабақтас.
Келесі бағыт биологиялық және экологиялық жүйелерге арналмақ. Ғалымдар дәрілік өсімдіктерді, орман алқаптарын, жабайы жеміс-жидек түрлерін, аң-құстар дүниесін және су экожүйесін зерттейді. Бұл жұмыстар табиғатты қорғаумен қатар халықтың дәстүрлі танымын, тіршілік салтын тануға мүмкіндік береді.
Ал археологиялық зерттеулер барысында қорғандар, ежелгі тұрақтар, тасқа қашалған суреттер мен көне мазарлар сарапқа салынбақ. Мамандардың пайымынша, мұндай жәдігерлер арқылы сол дәуірдегі дүниетаным, шаруашылық жүйесі, діни ұғымдар мен мәдени сабақтастық жөнінде маңызды мәлімет алуға болады.
Жоба аясында тарихи жадыға қатысты орындарға да ерекше назар аударылады. Ашаршылық пен қуғын-сүргін кезеңдеріне байланысты мекендер, көне керуен жолдары, шекаралық бекеттер мен халық қасиетті санаған орындар ғылыми негізде қарастырылмақ.
– Тарих тек мұрағатта сақталмайды. Ол жер атауларында, көне сүрлеулерде, халық жадында өмір сүреді. Сондықтан мұндай кеңістіктерді зерттеу – ұлттық сананы жаңғыртудың маңызды бөлігі, – деді Қажет Андас.
Көптеген тарихи нысан жойылу қауіпінде. Табиғи әсерлер мен адам әрекеті салдарынан кейбір петроглифтер бүлініп, көне қорымдар қараусыз қалды. Ал тарихи соқпақтардың ізі біртіндеп жоғалуда. Осыған байланысты зерттеу нәтижесінде тарихи және киелі орындардың жүйеленген тізімі жасалып, олардың қазіргі жағдайына ғылыми баға беріледі деп күтілуде. Сонымен бірге қорғау аймақтарын нақтылау жөнінде ұсыныстар әзірленіп, ғылыми және экотуризмдік бағытта пайдалануға болатын деректер қоры қалыптасады.
Өз кезегінде «Жоңғар-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ғылым бөлімінің басшысы Жанар Нұрғожанова ұлттық парк аумағы табиғи байлықпен қатар тарихи-мәдени мұраларға аса бай екеніне тоқталды.
– Ұлттық парк аумағында ежелгі дәуірлерден сақталған петроглифтер, қорғандар, көне қоныстар мен киелі орындар кездеседі. Бұл ескерткіштер халқымыздың рухани дүниесі мен тарихи жадын айқындайтын құнды мұра саналады, – деді ол.
Спикердің айтуынша, қазіргі таңда парк аумағындағы тарихи нысандарды есепке алу, ғылыми тұрғыда зерттеу және қорғау жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Мұндай бастамалар жастардың танымын кеңейтіп, экологиялық-танымдық туризмді дамытуға да серпін береді.
Баспасөз мәслихатында көтерілген басты мәселенің бірі – табиғатты қорғау мен тарихи мұраны сақтау ұғымдарының бір-бірінен ажырамайтындығы. Себебі орман мен аң-құсты сақтау арқылы ғана табиғат қорғалмайды. Сол кеңістікте қалыптасқан халықтың рухани ізі, тарихи жад пен мәдени қабаты да қатар сақталуы қажет.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





