Кез келген мемлекеттің ертеңін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Оның келешегі бүгін аулада асыр салып жүрген баланың жанарынан көрінеді. Баланың жүзіндегі шаттық көбейген сайын қоғамның да еңсесі биіктейді. Сондықтан қай заманда да ұрпақ қамы ұлт болашағымен қатар қойылған.
Жыл сайын маусымның алғашқы күні әлемнің көптеген елінде «Балаларды қорғау» күні аталып өтеді. Бір қарағанда бұл мереке балдырғандарға арналған думанды күн тәрізді көрінеді. Алайда оның астарында терең мағына жатыр. Бұл күн қоғамға «балаға қандай орта қалыптастырып жатырмыз?» деген сауал қоятын күн.
Елімізде 7 миллионға жуық бала өмір сүріп жатыр. Бұл халықтың үштен бірі. Демек, мемлекет қабылдайтын әрбір шешімнің, жүзеге асыратын әрбір бағдарламаның түпкі нәтижесі осы ұрпақтың тағдырымен өлшенеді. Соңғы жылдары бала құқығын қорғау бағытында көптеген маңызды қадам жасалды. «Ұлттық қор – балаларға» жобасының іске қосылуы соның бір дәлелі. Енді әрбір қазақстандық баланың болашағына ел байлығының бір бөлігі бағытталып отыр. Яғни бұл тек қаржылық қолдаудан бөлек, жас ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің нақты көрінісі.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық мұнымен шектелмейді. Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдер институтының құрылуы, әлеуметтік қолдау тетіктерінің жетілдірілуі, зорлық-зомбылық пен буллингке қарсы заңнаманың күшеюі – бәрі де өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған шаралар.
Дегенмен бүгінгі баланың мәселесі бұрынғы буынның мәселесінен өзгеше. Кеше ғана қауіп көшеден келсе, бүгін оның бір бөлігі смартфон экранының ар жағында тұр. Ғаламтор мен әлеуметтік желі бала өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Сарапшылардың зерттеулері көрсеткендей, әлеуметтік желілерде ресми тіркелу жасы 13 жастан басталғанымен, еліміздегі көптеген бала оған әлдеқайда ерте араласады. Бұл жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа қатерлердің де көбейгенін аңғартады.
Цифрлық кеңістіктегі буллинг, жалған ақпарат, психологиялық қысым мен түрлі тәуелділіктер бүгінде қоғам назарынан тыс қалмауы тиіс. Сондықтан баланы қорғау ұғымы енді тек оның денсаулығын немесе әлеуметтік жағдайын қорғаумен шектелмейді. Оның ақпараттық қауіпсіздігін сақтау да маңызды міндетке айналды.
Осыған байланысты мектептерде қауіпсіздік жүйелері жаңартылып, буллингтің алдын алуға арналған халықаралық және отандық жобалар енгізілуде. Арнайы байланыс орталықтары мен психологиялық көмек қызметтері жұмыс істейді. Мұның барлығы баланың үнін естуге, мәселесін дер кезінде шешуге бағытталған.
Алайда ешқандай заң мен бағдарлама ата-ананың мейірімін алмастыра алмайды. Баланың алғашқы ұстазы да, алғашқы қорғаушысы да – отбасы. Үйдегі жылулық, ата-ананың назары, үлкендердің өнегесі кез келген мемлекеттік бағдарламадан әлдеқайда әсерлі тәрбие құралы.
Балаға қауіпсіз орта қалыптастыру – бір мекеменің немесе бір саланың ғана жұмысы емес. Бұл, әрине, мұғалімнің де, дәрігердің де, құқық қорғау қызметкерінің де, ата-ананың да ортақ міндеті. Өйткені бүгінгі бүлдіршіннің тағдыры ертеңгі мемлекеттің тағдырымен сабақтас.
Баланың күлкісі үзілмеген елдің болашағы да баянды. Сондықтан балаларды қорғау күні – қоғамның өз болашағына деген жауапкершілігін еске салатын маңызды күн.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





