Тау баурайында орналасқан Текелінің тұмса табиғаты адамды баурап алады. Әсем табиғаттың сұлулығын сезініп, ғажайыбын көзбен көруге алыс-жақын шетелден келетін туристер саны да жыл санап артып келеді. Туризмді дамыту әлеуеті жылдан-жылға күшейіп келеді.
Жетісудың жасыл белдеуінде, қарт Қаратаудан бастау алатын Қора, Шажа, Текелі секілді үш бірдей өзеннің тоғысқан тұсында орналасқан шаһар аумағында тұрақты түрде жұмыс істейтін 22 туристік нысан бар. Оның ішінде 15 қонақүй, 3 балалар лагері және 4 туристік шағын үй демалушыларға қызмет көрсетеді. Өткен жылы ішкі туризм аясында қалаға келген 19,8 мың туристке 569,9 миллион теңгенің қызметі ұсынылса, биыл бұл көрсеткіш айтарлықтай өседі деп күтілуде. Болжамға сүйенсек, биыл жазғы маусымда Текеліге шамамен 24,7 мың турист келіп, туризм саласының табысы 712 миллион теңгеге жетпек. Бұл – өңір туризмінің тұрақты дамуы мен инвестициялық сенімнің айқын көрінісі.
Туристер қабылдауға дайындық ең алдымен инфрақұрылым сапасымен өлшенеді. Қазіргі уақытта қалаішілік магистральдар мен рекреациялық аймақтарға апаратын жолдар жөнделуде. Әсіресе, туристер жиі баратын Қора шатқалы бағытына ерекше назар аударылған. Кешкі Текелі де енді бұрынғыдан әлдеқайда жарық әрі қауіпсіз болмақ. Саябақ аймақтарында, жағалаулар мен орталық көшелерде ескірген жарықтандыру жүйелерін кезең-кезеңімен ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл кешкі уақыттағы қауіпсіздік деңгейін едәуір арттырады. Коммуналдық қызметтердің күшімен және экологиялық бастамалар аясында қаланы көгалдандыру шаралары қолға алынды.
Текелінің туристік әлеуетіне инвесторлардың қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Қалада жаңа буындағы туристік кешендер бой көтеріп, сервистік қызмет көрсету сапасы халықаралық деңгейге жақындауда. Спорттық-туристік кластерді дамыту аясында жеке кәсіпкер Р. Мартыненко 400 миллион теңге көлеміндегі инвестиция құйып, 50-ден астам коттедж салуды қолға алған. Бүгінде оның алғашқы 10 коттеджі іске қосылу сатысында. Бұл кешен болашақта тау туризмі мен отбасылық демалыстың маңызды орталықтарының біріне айналмақ. Сонымен қатар, жыл соңына дейін қалада бірнеше ірі нысан пайдалануға беріледі. Орталық саябақта «Потасов Н.Ю.» ЖК 400 миллион теңгеге ойын-сауық кешені мен жылына 10 мың келушіге арналған қонақүй құрылысын жүргізуде. Ал «Электромарганец» ЖШС 550 миллион теңге инвестиция құйып, 20 орынды қонақүй мен 100 орынды мейрамханасы бар туристік кешен салуда. Сондай-ақ, 100 миллион теңгеге 20 орынға лайықталған «TAL HAUSE» қонақүйі іске қосылады. Жылына 10 мың туристі қабылдауға қауқары жететін «Nomad Village Tekeli» этнотуристік жобасы да Текелінің туристік брендіне айналғалы тұр. Әсіресе, сақ дәуірінің рухын жаңғыртатын моншалар кешені мен глэмпинг аймақтары табиғат аясындағы демалысты жаңа деңгейге көтермек. Бұл жобаның барлығы жоғары жайлылық, қауіпсіздік және сервистік мәдениет қағидаттарына негізделген.
Текелі туризмінің басты символдарының бірі – «Бұрқанбұлақ» сарқырамасы. Орталық Азиядағы ең биік сарқырамалардың бірі саналатын бұл табиғи ғажайып мыңдаған туристің армандаған бағытына айналған. Биыл сарқырамаға апаратын шамамен 31 шақырым автожолды қайта жаңарту жұмыстары аяқталмақ. Жалпы жобаның құны 13,8 миллиард теңгені құрайды. Жаңартылған жолдар мен туристік соқпақтар саяхатшылар үшін қауіпсіз әрі қолжетімді маршрут қалыптастырады. Сонымен қатар, экологиялық және трекинг туризмін дамыту аясында жаяу бағыттар жаңартылып, арнайы демалыс алаңдары мен бақылау нүктелері орнатылуда.
Текелі тек табиғатымен ғана емес, шипалы ауасымен де ерекшеленеді. Жергілікті шипажайда заманауи ем-дом шаралары ұсынылады. Бұл қалаға келетін туристердің қатарын тек саяхатшылармен емес, денсаулық іздеген демалушылармен де толықтыруда. Мәдени-танымдық туризм де назардан тыс қалған жоқ. Қаланың кіреберісінде өндірістік шаһардың тарихынан хабар беретін шахтер мүсіні қарсы алса, Буддизм мифтік жануары кескіні бейнеленген тасты да көргісі келетіндер аз емес.
Таулы аймақтағы туризм ең алдымен қауіпсіздікпен өлшенеді. Осыған байланысты төтенше жағдайлар қызметі мен қала әкімдігі бірлесіп, туристік маршруттардағы мониторингті күшейтті. Құтқару бекеттерінің дайындығы тексеріліп, байланыс әлсіз аймақтардағы коммуникациялық жүйелер жаңартылуда. Бұл шаралар туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, халықаралық талаптарға сай тұрақты туристік орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Туризмді жүйелі дамыту арқылы Текелі ішкі нарықтағы сұранысты қанағаттандырып, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі экотуристік брендіне айналуға ұмтылуда.
Салтанат Тортаева,
«Текелі қаласының бизнесті қолдау және туризм бөлімі» ММ басшысы





