Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиында облыстық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Арыстанғали Арын мен облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Жанерке Бексеитова байқаудың маңызы мен оны өткізу тәртібі жөнінде мәлімет берді.
Спикерлердің айтуынша, жоба отбасы институтын нығайтуға, адамгершілік пен рухани құндылықтарды дәріптеуге, жауапты ата-ана мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ өнегелі әулеттердің тәжірибесін насихаттап, қоғамдағы отбасы мәртебесін көтеруді көздейді.
Былтыр облыстық кезеңді ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 9 миллион теңге бөлінген. Байқауға 415 өтінім түсіп, олардың арасынан үздік отбасылар анықталған. Нәтижесінде Ескелді ауданынан қатысқан Бектеновтер әулеті республикалық кезеңге жолдама алып, ұлттық деңгейдегі лауреат атанған.
Биыл 9,5 миллион теңге қарастырылған. Қазіргі таңда байқауға қатысу үшін өтінім қабылдау жүріп жатыр. Құжаттар 15 маусымға дейін жалғасады. Бүгінде 73 өтінім түскен.
Байқауға еңбекте, спортта, ғылымда, шығармашылық салада жетістікке жеткен, сондай-ақ қайырымдылық, еріктілік және тәлімгерлік жұмыстарға белсенді араласатын жанұялар қатыса алады. Үміткерлер өз бастамасымен немесе жергілікті атқарушы органдар мен заңды тұлғалардың ұсынуы арқылы бақ сынайды.
Іріктеу бірнеше кезең бойынша жүргізіледі. Алдымен аудандық және қалалық комиссиялар құжаттарды саралап, үздік отбасыларды облыстық деңгейге ұсынады. Кейін өңірлік комиссия жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтайды. Үздік деп танылған әулетке «Мерейлі отбасы» атағы беріліп, республикалық кезеңге қатысу мүмкіндігі ұсынылады.
Жанерке Бейбітқызың айтуынша, отбасы құндылықтарын насихаттауға бағытталған ақпараттық жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Байқау туралы мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде және өңірлік ақпараттық алаңдарда тұрақты жарияланып келеді. Ұйымдастырушылар еңбекқорлығымен, қоғамдық белсенділігімен және ұрпақ тәрбиесіндегі өнегесімен ерекшеленетін отбасыларды байқауға қатысуға шақырады. Құжаттар аудандық және қалалық ішкі саясат бөлімдерінде қабылданады.
«Мерейлі отбасы» – шаңырақ шаттығын, ұрпақ сабақтастығын және ұлттық тәрбиенің үздік үлгісін дәріптейтін маңызды жоба.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





