Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамытуға арналған алқалы жиында елдегі құқықтық тәртіпті нығайту, вандализммен күресу және «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытында маңызды мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Ақорданың ресми Telegram арнасына сілтеме жасап.
Президент өз сөзінде еліміздің қалалары мен ауылдарын көркейту, аумақтарды көгалдандыру жұмысына әрдайым ерекше мән беру қажеттігін қатаң ескертті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Осы тұста мен «Таза Қазақстан» тұжырымдамасына байланысты тағы да атап өткім келеді. Қалалар мен ауылдарды көркейту, аумақтарды көгалдандыру жұмысына әрдайым ерекше мән беру қажет. Сондай-ақ экологиялық мәдениетті көтеру мәселесіне көңіл бөлген жөн. Әсіресе, адамдардың туристік нысандар мен табиғат аясындағы тәртібіне айрықша назар аудару маңызды», – деп нақтылады.
Экологиялық бағдарламалардың тиімді орындалуы тұрғындардың жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаны сақтауға қоғам болып үлес қосудың басты құралы саналады.
Сонымен қатар Президент қоғамда жиі кездесетін заң бұзушылықтар мен құқықтық нигилизмге қарсы батыл шаралар қолдану қажеттігін көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Тәртіп бұзушыларды, яғни, вандалдарды заңға сәйкес жауапқа тарту қажет. Бір сөзбен, құқықтық нигилизмге қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Заң мен тәртіпке құрметпен қарау дегеніміз – жазадан қорқу емес, ең алдымен жауапкершілік сезімі жоғары азаматтарға тән айрықша болмыс. Осы маңызды дүниені дұрыс түсінген жөн», – деп атап көрсетті.
Күрделі құқықтық терминдерді қарапайым тілмен түсіндірсек, құқықтық нигилизм дегеніміз – заң талаптарын елемеу, оларды орындаудан бас тарту немесе мемлекет бекіткен тәртіп ережелеріне менсінбей қарау үдерісі.
Қазіргі геосаяси жағдайлар мен әлемдегі әскери қақтығыстар белең алған тұста мемлекетіміздің ішкі тұрақтылығын сақтау басты орында тұр. Мемлекет басшысы елімізде заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында ешқандай кері шегініс болмайтынын, құқық қорғау мекемелері заң бұзушылықтарға қатаң шаралар мен тиісті айыппұлдар қолданатынын жеткізді. Осы орайда кейбір Парламент депутаттарының заң талаптарын «Штрафстан» деп сынға алуын Президент ой өрісінің келтелігі деп бағалады. Қауіпсіз қоғам құру – халқымыздың басты талабы мен сұранысы.
Бүгінгі таңда елімізде жүргізіліп жатқан «Заң мен тәртіп» саясаты әрбір азаматтың қауіпсіздігін қорғауға және өңірлердегі, соның ішінде Жетісу облысындағы тұрақтылықты нығайтуға бағытталған.





