Жетісу жерінің аң-құсын аман сақтап, түз тағыларының тағдырына жауапкершілікпен қарау табиғат жанашырларының басты міндеті. Осы мақсатта Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты «Охотзоопром ӨБ» РМҚК инспекторлары Ішкі істер министрлігі қызметкерлерімен бірлесіп, өңір аумағында «Браконьер» жедел рейдтік шарасын жүргізуде.
Топ жетекшісі Бауыржан Иембергенұлы бастаған Бақытжан Көккөзов, Ринат Джунусбеков, Жанат Бекпаев және Руслан Атекенов табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын қадағалап, заңсыз аңшылықтың алдын алуға күш салуда. Тексеру кезінде аңшылардың құжаттары, рұқсат қағаздары мен аңшылық құралдары жіті қаралады.
Мамандар аңшылыққа шыққан азаматтардың жанында аңшы куәлігі, жануарлар дүниесін пайдалануға берілген рұқсат, аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасы және атыс қаруын алып жүруге арналған тиісті құжат болуы керектігін ескертеді. Белгіленген мерзімді бұзу, рұқсатсыз аң аулау, тор мен тұзақ тәрізді тыйым салынған құралдарды пайдалану әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке соқтырады.
Рейдтік шаралар аңшылық маусымы аяқталғанға дейін жалғаспақ. Өйткені түз тағыларының тыныштығын сақтау тек мамандардың міндеті емес, табиғат аясында жүрген әрбір азаматтың адамдық жауапкершілігі. Аңды аялау, заңды құрметтеу, табиғат байлығын келер ұрпаққа аман жеткізу ортақ парыз.
«Жетісу-Ақпарат»






