Көк аспанмен астасқан көк Ту – азат елдің айбыны, ұлт рухының асқақ бейнесі. Оның қалықтауынан бабалар аңсаған еркіндік пен егемендіктің самалы есіп, Тәуелсіздіктің табы көрінеді. Мемлекеттік рәміздер күніне орай Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағында өткен мерекелік шара осы ұлы құндылықтардың қадір-қасиетін тағы бір мәрте айшықтады.
Салтанатты жиын Талдықорған-Алматы тас жолының бойындағы биіктігі 92 метр болатын Тудың маңында ұйымдастырылды. Самал желмен бірге желбіреген Көк байраққа көз тіккен жұрттың көңілін патриоттық сезімі биледі.

Мерекелік шараға облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ қатысып, тұрғындармен бірге мемлекеттік рәміздерге тағзым етті. Қолдарына Ту ұстаған жастардың шеруі көпшілік назарын аударды.
Биылғы мереке ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған байланысты Жетісу жерінде «35 ауыл – 35 Ту тұғыр» атты ауқымды патриоттық жоба жүзеге асырылуда. Бастама аясында облыстың әр өңірінде бір мезетте 35 Ту тұғыры ашылып, оған үш жарым мыңға жуық тұрғын қатысты. Бұл жоба қарапайым құрылыс нысанын орнатумен шектелмейді. Оның астарында туған жерге деген құрмет, елдік мұратқа деген адалдық, ұлттық құндылыққа деген махаббат жатыр.

Салтанатты сәтте Мемлекеттік Әнұран шырқалып, көпшілік ерекше тебіреніске бөленді. Әнұранның асқақ әуені кеңістікті кернеп, жиналған жұрттың жүрегіне мақтаныш ұялатты. Сол мезетте көк жүзінде қалықтаған байрақ пен елдік рухты көтерген қасиетті әуен бір-бірімен үндесіп, Тәуелсіздіктің тұғырын айшықтай түсті.
Мерекелік бағдарлама барысында патриоттық әндер шырқалды. «Жасыл жайлау», «Қазақтай ел қайда?», «Көк Тудың желбірегені» шығармалары көрермен көңілін толқытып, туған елге деген сүйіспеншілікті тереңдете түсті. Әсіресе, көк байрақтың қадірін жырға қосқан әндер көпшіліктің ықыласына бөленді.

Мемлекеттік Рәміздер – елдіктің айғағы, мемлекеттіліктің мәңгілік белгісі. Ту, Елтаңба және Гимн ұлттың өткені мен бүгінін, болашағы мен өткенін жалғап тұрған қасиетті құндылықтар. Сондықтан оларды ұлықтау – ұрпақ санасына отаншылдық рух дарытудың маңызды жолы.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ




