Талдықорған қаласында «Жас жол инспекторлары» слеті өтті. Жол қауіпсіздігін насихаттауға бағытталған маңызды шара қалалық жағажай аумағында ұйымдастырылды. Онда оқушылардың білімі, ептілігі және азаматтық ұстанымы сынға салынды.
Жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыру, жас ұрпақтың құқықтық сауатын арттыру және патриоттық тәрбие беру мақсатында өткен слеттің ашылу рәсімі ерекше сән салтанатымен басталды. Сап түзеген командалар өздерінің дайындық деңгейін көрсетті. Салтанатты жиында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы әкелініп, 5514 әскери бөлімінің оркестр сүйемелдеуімен Әнұран орындалды. Осыдан кейін облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Абдиғани Сейдуалиев жас инспекторларға ақжарма тілегін білдірді. Ол өз сөзінде жол қозғалысы ережелерін сақтау әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі екенін атап өтті. Сондай-ақ, жас инспекторлардың қоғамдағы жол қауіпсіздігін насихаттауға қосып жүрген үлесі зор екенін айтып, олардың белсенділігі өзгелерге үлгі болатынын жеткізді.
Дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Айбол Қасенов те қатысушыларды құттықтап, мұндай тағылымды шаралардың жастардың бойындағы жауапкершілік пен көшбасшылық қасиеттерді дамытуға ықпал ететінін атап өтті.
Мерекелік бағдарлама барысында №14 орта мектеп гимназиясының «Жас сақшы» кадет сыныбының тәрбиеленушісі орындаған патриоттық ән көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Ал арнайы мақсаттағы жасақ пен кинолог мамандардың көрсеткен шеберлік өнері көрермендердің ерекше қызығушылығын туғызды.
Слеттің негізгі бөлігінде қатысушылар бірнеше бағыт бойынша бақ сынады. Олар жол қозғалысы ережелерін білу, велосипедті шебер жүргізу, үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыру, жас реттеушілер сайысы, зеректік байқауы және алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша өз қабілеттерін көрсетті. Ал жарыстың келесі кезеңдерінде «Ашық сабақ» байқауы мен арнайы алаңда велосипед жүргізу сайысы өткізілді.
Жетісу аймағында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл слет жас ұрпаққа жол ережесін үйретудің тиімді алаңына айналып, қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды бастамалардың бірі ретінде өз маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Медет ЖҰМАБАЙ




