Малдың саулығын қадағалап, түрлі аурудың алдын алу – ветеринар маманның басты міндетінің бірі. Ветеринар мамандығы сырт көзге қарапайым болып көрінгенімен білім мен біліктілікті, төзім мен жанашырлықты, жауапкершілікті талап етеді. Осындай жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген білікті маманның бірі – ветеринар дәрігер Айбат АЛПЫСБАЕВ.
Қарабөгет ауылында дүниеге келген кейіпкеріміз бала кезінен-ақ жан-жануарларға қамқорлық танытқанды жақсы көретін. Мектеп қабырғасында болашақ мамандығын таңдауға нық шешім қабылдаған ол саналы түрде ветеринария саласына атбасын бұрады. Білікті маман Талдықорған агротехникалық колледжіне түсіп, 2016 жылы «Ветеринария» мамандығы бойынша оқуын аяқтайды. Жас маман еңбек жолын қазақтың берекелі қара шаңырағы саналған алтын ұясы – ауылдан бастайды.
Бүгінде Айбат Алпысбаев Бақалы ауылдық округіне қарасты бірнеше елді мекеннің мал шаруашылығына қызмет көрсетеді. 11 жыл осы саланың қыр-сырын терең меңгерген ол алғашқы 3 жылда ветеринар дәрігер, кейін ветеринариялық пункттің меңгерушісі болады. Оның күнделікті жұмысы жануарлардың ауруларын анықтап, емдеу және алдын алу жұмыстарымен айналысып, вакцинациялау мен ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралардың жүргізілуін бақылаудан басталады. Мал дәрігері белгіленген жұмыс кестесімен, уақытпен санаспай еңбек етеді. Шаруалардан қоңырау түсе қалса күн-түн демей, ауа райының қолайсыздығына қарамай, шақыртуларға шығуға, жүздеген, мыңдаған қашықтықта жатқан шалғайдағы қыстау мен жайлауға баруға тура келеді. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін қызметті мінсіз атқарып жүрген Айбат Омарғазыұлы үшін жұмыстың ауырлығы емес, көптің алғысы маңызды.
– Мал – ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі ғой. Сондықтан біз де бар күш-жігерімізді арнап, жұмыс істеуге тырысамыз. Жалпы, ветеринар болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бізге әр жануардың денсаулығы маңызды. Өз жұмысымды жақсы көргендіктен халыққа пайдам тисе екен деп шапқылаймын. Есесіне елдің алғысын алып жүрмін, – дейді маман.
Әріптестері мен ауыл тұрғындары оның кәсібилігі мен еңбекқорлығын жоғары бағалайды. Білікті маманның арқасында көптеген шаруашылықта мал ауруларының алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
– Айбат – өз ісінің нағыз маманы. Әрдайым көмек қолын созуға дайын. Біз, ауыл тұрғындары, оның еңбегіне ризамыз. Бұл азамат жұмыс уақытысы аяқталса да, демалыс күндерінде де ешқашан телефонын сөндірмейді. Тәуліктің қай мезгілі болса да, ауа райына немесе қашықтыққа қарамастан, жануарларға көмек көрсету үшін жолға шығады. Өткен жылы туған ауылы «Қарабөгетке қайтсам» деген ойын жеткізді. Алайда ауыл тұрғындары бірігіп, ешқайда жібермейтінімізді айтып, қалуға көндірдік. Бүгінде мұндай білікті мамандарды табу оңай емес. Ең бастысы – жұмыс істейтін мамандарға жағдай жасау керек. Жауапты мекеме ұжымға арналған жеке ғимараттың жұмысын толық аяқтап берсе болды. Біз ауылдастар жиылып, осы мәселенің мәнісін шешуге тырыстық. Бірақ ғимарат тікелей мемлекеттің қарауында болғандықтан ештеңе істей алмай отырмыз. Берілген құр уәдеге тойдық. Ауылымызда алақандай ғана нысанның қаңырап тұрғаны бізге сын. Осы мәселеміз шешілсе нұр үстіне нұр болатын еді, – дейді Бақалы ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қозы Бекбатыров.
Ауылдастардың осындай ыстық ықыласы мен сенімі ерінбей еңбек еткен маманның ісіне берілген ең жоғары баға емес пе?! Қызметіне адалдық танытқан Айбат Омарғазыұлы адал еңбегі үшін аудандық және облыстық деңгейде бірнеше мәрте Алғыс хатпен де марапатталған. Бірақ ауылдастардың осынау бірауыз ақ тілегі біздің кейіпкеріміз үшін барлық марапаттан да құнды.
Қазіргі уақытта ветеринариялық пунктте 4 маман еңбек етеді. Олар – ветеринар дәрігер, ветеринариялық фельдшер және екі оператор. Ұжым Бақалы ауылдық округіне қарасты Бақалы, Тасқұдық ауылдары мен шағын бөлімшеге қызмет көрсетеді. 2023 жылы қызметтік автокөлік беріліп, қажетті вакциналармен, дәрілік препараттармен және құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Алайда ұжым ауыл әкімдігінің аядай ғана бір бөлмесінде отырып жұмыс істеуге мәжбүр. Ал Бақалы ауылында заманауи блокты-модульдік ветеринариялық пункт салынып, есігі «тарс» жабылған күйде тұр. Ауыл азаматтары жауапты мамандарға хабарласқан. Олардан «2 апта шыдаңыздар, ғимаратты толық жасап береміз» деген хабар алғалы 2 айдан асқан. Бірақ баяғы жартас сол жартас…
Облыстық ветеринария басқармасына хабарласып, ауыл халқының ұсынысын жеткіздік. Жауапты сала мамандары «жақын арада ұжымды жаңа ғимаратқа орналастырамыз» деп уәделерін де берді.
– Пунктті орнату толық аяқталған. Тек құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанды маусым айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Өйткені осы кезеңде су және электр жүйелеріне қосу жұмыстары аяқталады. Жаңа ветеринариялық пункт іске қосылғаннан кейін халыққа көрсетілетін ветеринариялық қызметтердің қолжетімділігі артып, профилактикалық және індетке қарсы іс-шараларды жедел жүргізуге мүмкіндік туады, – дейді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Дархан Әбілбаев.
ТҮЙІН: Бізде бір мәселе шешілуі үшін «ертең» деген таудай уәде үйіп-төгіліп берілуі керек. Бірақ «ертең» деп жүріп бірнеше күннің, айдың өтіп кететіні тағы бар. Бірлігі мен берекесі жарасқан ауылдағы ағайын осы ғимаратты тез арада пайдалануға беріп, жұмыс істеймін деген мамандарға жағдай жасалғанын ғана талап етеді. Ағайынның уәжі өте орынды. 2025 жылдың соңында орналастырылған пункттің жыры араға жарты жыл салса да бітпегеніне жұрт наразы. Ал әзірге Айбат Алпысбаев пен оның әріптестері «ғимаратымыз дайын емес» деп қол қусырып құр отырған жоқ. Олар ветеринарияның жай ғана мамандық емес, нағыз өмірлік миссия екенін күнделікті ақ, адал еңбектерімен дәлелдеп жүр.
Еңлік КЕНЕБАЙ
Бақалы ауылы, Сарқан ауданы




