Жетісу өңірінде көктемгі дала жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Ескелді ауданында да диқан қауымның еңбегі қарқын алып, егіс алқаптарында күтіп-баптау және суару жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Биыл өңір бойынша жалпы егіс көлемі 53 мың гектардан асты. Оның ішінде 30 мың гектардан астам жерге дәнді масақты дақылдар себілсе, майлы дақылдар 12,8 мың гектар алқапты алып жатыр. Сонымен қатар, 2850 гектарға қант қызылшасы, 1116 гектарға картоп, 1032,9 гектарға көкөніс және бақша дақылдары егілген. Азықтық дақылдардың көлемі де едәуір артып, 5706 гектарға жетті.
Көктемгі науқанның уақытылы әрі сапалы өтуі техника қуатына тікелей байланысты. Бүгінде аудан бойынша 2699 ауыл шаруашылығы техникасы бар және олардың барлығы көктемгі дала жұмыстарына жұмылдырылған. Атап айтқанда, 1055 дөңгелекті трактор, 30 шынжыр табанды трактор, 122 астық жинайтын комбайн, 20 қызылша жинайтын комбайн, 215 тұқым сепкіш пен басқа да арнайы техникалар шаруалардың игілігіне қызмет етуде.
Мемлекеттік қолдау шаралары да өз нәтижесін беруде. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін шаруашылықтар жеңілдетілген бағамен 457 тонна жанар-жағармай алып, егіс науқанын үздіксіз жүргізуге мүмкіндік алды. Бұдан бөлек, аудан диқандары 6675,5 тонна минералды тыңайтқыш сатып алып, егін өнімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейтті.
Ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды міндеттердің бірі – егістікті зиянкестерден қорғау. Осы мақсатта ауданда саяқ шегірткеге қарсы күрес жұмыстары қолға алынған. Жалпы өңдеу көлемі 3100 гектарды құрайды. Оның ішінде Бақтыбай ауылдық округінде 1000 гектар, Ақын Сара ауылдық округінде 2100 гектар алқап өңделмек.
Қазіргі таңда Ақын Сара ауылдық округінде жоспарланған 2100 гектардың 1100 гектары жерүсті әдісімен өңделді. Қалған 1000 гектар алқапты әуе техникасының көмегімен өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Ал Бақтыбай ауылдық округінде жоспарланған 1000 гектардың 500 гектары әуеден өңделіп, қалған бөлігінде жерүсті техникалары жұмыс істеуде.
Жер емген диқанның маңдай тері мен тынымсыз еңбегі – ел ырысының кепілі. Көктемгі дала жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде атқарылуы ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы табысты көрсеткіштерін еселей түсері анық. Ең бастысы, еңбек адамының қажырлы ісі мен мемлекет қолдауының арқасында биыл да мол өнім алуға негіз қаланып отыр.
Еламан АБАЙ
Ескелді ауданы әкімінің баспасөз хатшысы





