Қазақстанда жыл соңына дейін 105 гидротехникалық нысанға көпфакторлы зерттеу жүргізу жоспарланып отыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бұл жұмыс Қазақстан Республикасының су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жүзеге асырылады.
Жоспарға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар коммуналдық меншіктегі 69 гидротехникалық нысанды тексермек. Сонымен қатар, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны республикалық меншіктегі 35 гидротехникалық нысан мен «Достық» мемлекетаралық гидроторабында көпфакторлы зерттеу жүргізуді көздеп отыр.
Соңғы жылдары гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін бағалау жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Мәселен, 2024 жылы жоспарланған 82 нысанның орнына 84 гидротехникалық нысан зерттелген. Ал 2025 жылы коммуналдық меншіктегі 28 және республикалық меншіктегі 28 нысанды қоса алғанда, барлығы 56 гидротехникалық құрылысқа тексеру жүргізілді.
Көпфакторлы зерттеу су шаруашылығы нысандарының техникалық жай-күйін бағалап, олардың қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі. Мұндай тексерулер жөндеуді қажет ететін нысандарды уақытылы анықтауға, сондай-ақ апаттар мен бөгеттердің бұзылу қаупінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Зерттеу нәтижелері бойынша әр нысанға қауіпсіздік декларациясы әзірленіп, тәуелсіз сараптамаға ұсынылады. Бұл құжат гидротехникалық құрылыстың қазіргі жағдайын бағалап, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды айқындауға негіз болады.
Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы имараттарын дамыту департаментінің директоры Сағи Үтеловтің айтуынша, кешенді жоспар шеңберінде 2024-2028 жылдар аралығында жалпы саны 557 гидротехникалық нысанға көпфакторлы зерттеу жүргізу көзделген.
– Су кодексіне сәйкес гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін мұндай зерттеулер әр бес жыл сайын жүргізілуі тиіс. Бұл мерзім алдыңғы тексерудің тіркелген күнінен бастап есептеледі, – деді Сағи Үтелов.
Мамандардың айтуынша, гидротехникалық нысандарды тұрақты бақылау су қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, төтенше жағдайлардың алдын алуға және су инфрақұрылымының сенімділігін арттыруға ықпал етеді.





