Қазақстанда дәрілік заттардың бағасын реттеу нәтижесінде бірқатар препарат арзандады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, «Тауарларды таңбалау және қадағалау» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізілген мониторинг барысында еліміздің 20 өңіріндегі дәріханаларда сатылатын дәрі-дәрмектердің бағасына талдау жасады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Зерттеу барысында шекті бағаларды реттеу тетігі енгізілгенге дейінгі кезең мен 2026 жылдың мамыр айындағы көрсеткіштер салыстырылды. Нәтижесінде 2635 дәрілік препараттың ішінде 1309 атаудың бағасы өзгеріссіз қалғаны анықталды. Бұл жалпы көлемнің 49,5 пайызын құрайды. Ал 669 дәрілік заттың бағасы төмендеп, олардың үлесі 20,4 пайызға жеткен.
Бүгінде бөлшек сауда желісінде сатылатын 4994 дәрілік препаратқа шекті баға белгілеу тетігі қолданылады. Министрлік мәліметінше, реттелетін сегменттегі дәрілердің жартысынан астамының бағасы тұрақты деңгейде сақталған.
Сонымен қатар еліміздегі фармацевтикалық нарықта отандық өнімдердің үлесі артып келеді. Қазіргі таңда қазақстандық дәрі-дәрмектердің үлесі шамамен 40 пайызға жеткен.
Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға дәріханаларда белгіленген шекті бағадан жоғары баға қою фактілері анықталған жағдайда DariKZ мобильді қосымшасы арқылы шағымдануға болатынын еске салды. Ол үшін тауарлық чек пен дәрі қаптамасының суретін қоса тіркеп, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне өтініш жолдау қажет.
Сондай-ақ DariKZ қосымшасы арқылы дәрілік заттарды қолдану кезінде туындаған жағымсыз әсерлер туралы да хабар беруге мүмкіндік қарастырылған.
Министрлік мәліметінше, Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында қолданылатын 3 мыңнан астам дәрілік препарат қосылған құн салығынан босатылған. Олардың қатарында әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған дәрілер де бар.





