Кәлпе ауылында «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында өрт сөндіру пункті ашылды. Жаңа нысан Кәлпе, Қанабек және Қарашеңгел ауылдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.
Жалпы саны 2925 тұрғыны бар бұл елді мекендер бұрын аудан орталығындағы өрт сөндіру бөлімінің қызметіне сүйенетін. Енді төтенше жағдай орын алған жағдайда алғашқы көмек пен жедел әрекет ету уақыты айтарлықтай қысқармақ.
«Ясмин» жеке кәсіпкерлігінің құрылысшылары 1 ай уақытта сапалы етіп салған ғимаратта диспетчерлік бөлме, кезекші құрамның демалыс бөлмелері, арнайы техникаға арналған бокс және қажетті тұрмыстық жағдайлар қарастырылған. Бөлімше өрт сөндіру автокөлігі, арнайы киім, байланыс құралдары және қажетті техникалық жабдықтармен толық қамтылған. Сегіз қызметкер тәулік бойы кезекшілік атқарып, төтенше жағдайдың алдын алу және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Салтанатты жиында сөз алған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қанат Алтынбеков:
– Мемлекет тарапынан ауылдық жерлердегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Бүгін ашылған өрт сөндіру пункті соның нақты нәтижесі. Осындай нысандардың арқасында төтенше жағдайларға әрекет ету уақыты қысқарып, қауіптің алдын алу жұмыстары күшейеді, – дейді.
Өз кезегінде Қаратал ауданының әкімі Ұлан Досымбеков:
– Жаңа нысан ауыл тұрғындарының алаңсыз өмір сүруіне, төтенше жағдайлардың алдын алуға және азаматтық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыруға қызмет етеді. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деп тұрғындар қуанышын еселеді.
Ауыл тұрғындары да жаңа нысанның ашылуын қуанышпен қабылдады. Кәлпе ауылының тұрғыны Эдик Малайсаринов өрт сөндіру пунктінің ашылуы ауыл халқының көптен күткен тілегі болғанын жеткізді.
– Қыс мезгілінде пеш жағатын үйлер көп болса, жаз айларында дала өрті мен қора-қопсы маңындағы қауіп алаңдататын. Бұрын қандай да бір оқиға орын алса, ауданнан көмек келгенше көп уақыт өтетін. Енді арнайы техника мен мамандар өз ауылымызда болады. Бұл тұрғындардың көңіліне үлкен сенім ұялатып отыр. Осындай игі іске мұрындық болған азаматтарға ауыл халқы дән риза, – дейді ол.
Мамандардың айтуынша, жаңа пункттің қызметі тек өрт сөндірумен шектелмейді. Қызметкерлер тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізеді. Әсіресе, пешті пайдалану мәдениеті, электр желілерінің қауіпсіздігі, балаларды қараусыз қалдырмау және құрғақ шөп пен жанғыш заттарды сақтау талаптары бойынша профилактикалық шараларға басымдық беріледі.
Салтанатты шара барысында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне үлес қосқан бірқатар азамат пен жобаны жүзеге асыруға атсалысқан мамандар марапатталды.
Қажет АНДАС
Кәлпе ауылы,
Қаратал ауданы





