Қазақта «Береке – бірлікпен, ырыс – еңбекпен келеді» деген сөз бар. Осындай тіршіліктің шынайы үлгісін ауылда отырып-ақ көрсетіп жүрген жандардың бірі – Райкүл Закария.
Осыдан жеті жыл бұрын Қытайдан атажұртқа қоныс аударып келген ол бүгінде ауыл өміріне әбден сіңісіп, ел алғысына бөленіп жүрген еңбекқор жан. Райкүлдің таңғы тіршілігі ерте басталады. Таң бозынан бие байлап, қымыз дайындайды. Сиыр сауып, құрт, ірімшік, кілегей жасайды. Қолының берекесімен әзірленген қымызы ауыл арасында ерекше сұранысқа ие. Таң атпай ауыл тұрғындары келіп, жаңа сауылған саумалды ішіп қайтады.
Үлкендер саумалдың шипасын айтып, ақ тілегін жаудырса, жастар табиғи өнімнің қадірін ұғына бастаған.
– Ақтан жасалатын тағам түрлері дәруменге бай. Бұрынғы ата-бабаларымыз мұны жақсы білген. Қолдағы төрт биені түске дейін 4-5 рет, түстен кейін 4-5 рет сауамын. Тұрғындар сиыр сүтін де жақсы алады. Артылғанынан сары май, құрт, ірімшік, қатық сияқты дәмдер әзірленеді. Тіпті қалалықтардан да сұраныс түседі. Ал малға қажет жемшөпті сатып аламыз. Өйткені бізде шабындық жер жоқ, – дейді Райкүл Закария.
Мал қарауға жолдасы Бақытжан көмектеседі. Үш ұлы бар. Олардың бірі қаладағы жоғары оқу орнында оқып жатса, екіншісі кәсіппен айналысуда.
Ал кішісі әзірге мектеп жасында. Қолынан іс келетін шаруақор келіншек қымыз дайындап қана қоймай, көрпе тігіп, құрақ құрау сияқты қолөнермен де айналысады. Сөйтіп, ұмыт бола бастаған дәстүрлі тіршілікті қайта жаңғыртып жүр. Бұл еңбегіне ауыл адамдары дән риза.
Аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Кенжетай Тазабекованың айтуынша, кейіпкеріміз «Бір ауыл – бір өнім» жобасына да қатысып, жартылай финалға өткен. Ол жерде Райкүл Закарияның өнімдері таныстырылып, нәтижесінде халықтың сұранысын арттырған. Әсіресе құрамына бал, кілегей қосып жасаған қымыз балмұздағына қызығушылық танытқандардың қатары көп. Биыл тағы бағын сынап көрмек.
Райкүлдің шаңырағында тағы бір қадірлі жан бар. Ол – тоқсанның төріне шыққан атасы Дәнеш ақсақал. Көненің көзі болған қария келінінің әр ісіне сүйсініп, ақ батасын беріп отырады.
– Осындай еңбекқор келініміз барда шаңырағымыздың түтіні түзу шығады. Қымызын ішкен ел риза болып кетеді. Берекесі арта берсін, – дейді Дәнеш ақсақал.
Расымен ауылдың ажарын кіргізіп отырған осындай жандар – елдің шынайы байлығы. қарапайым еңбекпен көпке үлгі болып жүрген Райкүл секілді аналардың арқасында ауыл тіршілігіне жан бітіп, ұлттық дәстүрдің тамыры үзілмей келеді.
Бүгінгі қоғамда адал ісімен ел алғысына бөленіп жүрген адамдар туралы көбірек айту – маңызды. Өйткені олардың өмірі жастарға өнеге, көпшілікке жігер береді. Райкүлдің бүгінгі тірлігі – қазақы ауылдың иісі аңқыған, берекесі мол өмірдің бір көрінісі.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Сарқан ауданы





