Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында қоғамдық сананы жаңғырту және құқықтық мәдениетті дәріптеу мақсатында ерекше патриоттық шара ұйымдастырылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қаланың орталық жағажай аумағында өткен ауқымды шара аясында «Заң мен Тәртіп» мемлекеттік идеологемасының ресми логотипі бейнеленген арнайы ту параплан арқылы 1 шақырым биіктікке ұшырылды. Бұл бірегей акция қоғамда заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпті орнықтыру, сондай-ақ азаматтардың жауапкершілігін арттыру бағытындағы ең көрнекі әрі заманауи жобалардың біріне айналды. Кәсіби парапланшылар көк аспанда туды асқақтата желбіретіп, жағажайға жиналған мыңдаған қала тұрғындары мен белсенді жастардың назарына ұсынды.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, мемлекеттік маңызы бар тудың 1000 метр биіктікке көтерілуі әділетті қоғам құру жолындағы мемлекеттік идеологияның асқақтығы мен маңыздылығын айшықтайды. Жиналған қауым заң мен тәртіптің әрбір азаматтың күнделікті өмірлік ұстанымына айналуы керектігін білдіретін бұл шараны жоғары деңгейде қолдап, ерекше әсер алды. Басқарма өкілдері құқықтық тәрбие мен бұқаралық шараларды ұштастыратын осындай көрнекі акциялардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.





