Астанада Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның басшылығымен Үкімет жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жөніндегі комиссияның маңызды отырысы өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Құрамы жаңартылған комиссияның алғашқы басқосуына мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, сондай-ақ тіл білімі саласындағы танымал ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Жиында орталық және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі есептері тыңдалды. Атап айтқанда, оқу-ағарту жүйесіндегі қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, 2023–2029 жылдарға арналған Тіл саясаты тұжырымдамасы шеңберінде ана тіліміздің қолданылу аясын кеңейту және қазақ тіліндегі контент үлесін арттыру мәселелері қаралды. Сонымен қатар Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында тіл туралы заңнама талаптарының орындалу барысы пысықталды.
Комиссия мүшелері тілдік дағдыларды қалыптастыруда балабақша мен мектептің шешуші рөл атқаратынын атап өтіп, оқыту әдістемесін заман талабына сай жаңғырту қажеттігіне ерекше назар аударды. Осыған байланысты комиссия төрайымы әр жас санатына арналған лексикалық және грамматикалық минимумдарды әзірлеуді, сондай-ақ заманауи цифрлық құралдарды енгізуді тапсырды. Ақпарат саласы бойынша ұсынылған есепке сәйкес, бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі онлайн-контенттің үлесі 78%-ға, интернет-ресурстардың үлесі 60%-ға жеткен. Ал отандық телевизиялық өнімдердің 70%-дан астамы мемлекеттік тілде эфирге шығуда. Жас буын арасында қазақ тіліндегі цифрлық контентті тұтыну көлемінің қарқынды өсуі байқалады.
Осыған орай Аида Балаева бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тіл саясаты талаптарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар Халықаралық қазақ тілі қоғамының бастамасымен қазақ тіліне дубляждалған Disney, Pixar және Sony студияларының балаларға арналған фильмдерін тек ірі мегаполистерде ғана емес, облыс орталықтары мен ауылдық жерлерде де кеңінен көрсетуді қамтамасыз ету міндеттелді. Отырыста Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан жасанды интеллект жүйелерінің қазақ тілінде сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелері де қаралды. Атап айтқанда, OpenAI компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан ChatGPT моделін қазақ тіліндегі сапалы мазмұнмен толықтыру жобасының барысы тыңдалып, мемлекеттік тілдің цифрлық кеңістіктегі үлесін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.





