Жансүгіров кентіндегі орталық алаңда ауданның білім, ғылым, өнер және спорт салаларында жоғары жетістіктерге қол жеткізген дарынды оқушыларды ұлықтауға арналған дәстүрлі «Ақсу жұлдыздары – 2026» салтанатты шарасы өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Бекзат Тілектесұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Айтбайұлы, білім саласының ардагерлері, ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Бекзат Тілектесұлы жас ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтіп, аудан оқушыларының жетістіктері өңірдің мақтанышы екенін жеткізді.
Бүгінде ауданда 7177 оқушы білім алуда. 2025-2026 оқу жылында дарынды балаларды қолдау және олардың шығармашылық әлеуетін дамыту бағытында аудан көлемінде 50-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Нәтижесінде халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі білім додаларында ауданның 150 оқушысы жүлделі орындарға ие болды. Оның ішінде 4 оқушы халықаралық, 12 оқушы республикалық, 134 оқушы облыстық деңгейдегі олимпиада мен байқау жеңімпаздары және жүлдегерлері атанды.
«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған жалпы білім беретін пәндер бойынша Ю. Гагарин атындағы орта мектебі ел көлеміндегі «Ең үздік олимпиадалық 100 мектебі» рейтингіне енді. Ал Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп-гимназиясының оқушылары робототехника бағытында халықаралық деңгейде жеңімпаз атанып, аудан мерейін асқақтатты.
Шара барысында халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобалар байқауларында, спорттық жарыстар мен шығармашылық конкурстарда үздік нәтиже көрсеткен оқушылар марапатталып, олардың табысты жетістіктеріне үлес қосқан ұстаздар мен ата-аналарға алғыс білдірілді.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Айтбайұлы жастарға ақ батасын беріп, білім мен еңбек арқылы биік белестерді бағындыруға шақырды.
Іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасып, жас таланттардың өнері көпшілік назарына ұсынылды.
«Ақсу жұлдыздары – 2026» – ауданның дарынды жастарын қолдау мен олардың жетістіктерін дәріптеуге бағытталған тағылымды шара. Жас ұрпақтың білім мен ғылымға ұмтылысын арттырып, жаңа жетістіктерге жігерлендіретін бұл дәстүрлі мереке аудан өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналып отыр.






