Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельге жасаған ресми сапары аясында Бельгияда білім алып, еңбек етіп жүрген Қазақстан азаматтарымен жүздесті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ақорданың мәліметінше, кездесу барысында Мемлекет басшысы шетелде жүрген отандастарымен пікір алмасып, олардың оқу және кәсіби қызметтегі жетістіктерімен танысты.
Президент әңгіме барысында Қазақстанның жаңа Конституциясының қабылдануын атап өтіп, оның ел дамуы үшін маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар Негізгі заңда білім мен ғылымды, инновацияны дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық басым бағыттарының бірі ретінде айқындалғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жаһандану жағдайында жастардың бәсекеге қабілетті болуы үшін бірнеше шет тілін меңгерудің маңызын ерекше атап өтті. Президент шетелде білім алып, тәжірибе жинақтап жүрген қазақстандық жастардың елдің дамуына үлес қосатынына сенім білдірді.
– Жалпыхалықтық референдумда халқымыз бірауыздан, біртұтас қоғам болып Конституциямызды қолдады. Өте керемет құжат, 1 шілдеде күшіне енеді. Ата заңымыз халқымыздың темірқазығы болады. Сондықтан баршаңызды шын жүректен жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтаймын, – деді Президент.
Кездесу барысында Бельгиядағы қазақстандық жастар да өз қызметтері туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, KU Leuven университетінің үшінші курс студенті Әлім-Сері Махамбәтәлі Бельгиядағы қазақстандық студенттер қауымдастығының жұмысы жөнінде айтты. Ал Аружан Болатбекова Брюссель қаласында жұмыс істейтін Kazakh Speaking Club қызметін таныстырды.
Отандастар оқу мен еңбек жолындағы жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы баяндап, Қазақстан мен Бельгия арасындағы мәдени және білім беру байланыстарын нығайтуға бағытталған бастамаларымен бөлісті.
– Елімізге сіздер сияқты білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жастар қажет. Қай жерге барсам да жастарға қолдау білдіріп жүремін. Шын мәнінде, бұл жай айтыла салған сөз емес. Жастарға қолдау көрсету – мемлекеттің ұзақмерзімді саясатының бір бөлігі. Жастарымыз әлемнің әр түкпірінде білім алып, еңбек етуде. Мен Президент ретінде мұны қолдаймын. Себебі қай жерде жүрсеңіз де, қазақ болып қаласыз. Біз озық, дамыған, әділетті ел болуымыз керек. Осындай елдің негізін қалау үшін бәріміз бір ел, бір халық болып атсалысуымыз керек, – деді Президент.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Бельгияда тұратын Қазақстан азаматтарына және студенттерге сәттілік тілеп, олардың шетелде жүріп елдің абыройын асқақтатып жүргенін атап өтті.





